389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында тапқан табысын ел игілігіне жұмсайтын ерекше адам тұрады

  • 783
  • UPD: 17:40, 10.12.2018

Ол еңбектің арқасында жұртқа танылып, қарапайым шопаннан алып шаруа қожалық иесіне айналған.

Еңбек адамы туған ауылына 5 миллиард теңгеге әлеуметтік қолдау көрсетіп, соңғы 10 жылда өз қаражатына әлеуметтік маңызы бар 20-дан астам нысан салып берді. Қазір шаруа мал мен егін шаруашылығында асылдандыру ісіне ден қойып, өнімдерін шетелге экспорттай бастады. 

Сайранбай Дөненбаев шаруа қожалығын еліміз жаңадан тәуелсіздік алған жылдары ашқан. Шаруасын небәрі 362 бас қой, 26 сиыр, 30 шақты жылқымен бастады. Жылдар бойы тынбай еңбек етіп, бүгінде қой басын 52 мыңға, ал жылқы санын 2200-ге жеткізді.

Сайранбай Дөненбаев, шаруа:

- Бұған өте бет бұрғаным өзім шопан болып қызмет жасағаннан кейін осы қойды мемлекетке таныту. Мал өсірсең қой өсір пайдасы оның көл көсір деп қойдың пайдасын елімізге таныту. Қазір міне 22 жыл болды бұл шаруашылыққа. Бұл шаруашылықты істеу деген қиын болды уағында.

Бүгінде бұл аймақтағы ең ірі мал өсіруші қожалық. Қазір шаруашылықта мал басын асылдандыру ісіне ден қойылып отыр. Етті бағыттағы қой мен жылқы өсіріп, өнімді Астана, Алматы қалаларының нарығына өткізіп жатыр. Сондай-ақ, биылдан бастап Біріккен Араб Әмірлігі мен Иран мемлекеттеріне ет экспортай бастады. Жергілікті «Меркі ет» комбинатымен келісім-шартқа отырып, жыл басынан бері 8 мың бас қой еті жөнелтілген.

Сайранбай Дөненбаев, шаруа:

- Көктемде май айында басталды. Аяғы октябрьге дейін сойылды. Енді 5 мың бас откормда қойып отырмыз қазір. Оны да осы бүгін ертең бастаймыз деп отырмыз. Сонда 12-13 мың бас жас төл экспортқа кетеді. 

Қазір шаруа қожалықта 220 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшыларды тұрақтандыру бағытында мұнда тиімді жүйе қалыптасқан. Жалақы көлемі еңбек өтіліне қарай тағайындалады.  Ал орташа айлық 130 мың теңге. Қызметкерлердің балаларына арнап ауылда 150 миллион теңгеге интернат пен 92 орындық балабақша салынды. Бұл олардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Ал Жарлысу ауылында дала еңбеккерлері мен шопандарға 10 үй тұрғызылған. Онда 20 отбасы тұрады. Бұл баспаналар жекешелендіру құқығымен беріліп отыр.

Жандос Айтжанов, бригадир:

- Қаладағы жоқ нәрселер ауылда бар міне. Шопан боп келдік. 12 жыл баққанда еңбегімізге міне үй берді. Енді машина беретіндерге машиналай беріп, жақсы беріп жатыр. Әркім өзінің еңбегіне қарай бағалап.  

Кәсіпкер халыққа әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жылда кемінде 50 миллион теңге бөледі. Келер жыл «Жастар» жылы деп жариялануына байланысты ауылдық жасөспірімдерге спорт нысаны мен 60 орындық балабақша салып бермек.

Сайранбай Дөненбаев, шаруа: 

- Тапқан дүниені өзіңнен артылғаннан кейін ер азаматтық парызым деп ойлаймын мен. Еңбектендік. Құрадық. Қайда апарамыз? Ертең қайда апарамыз? Ел игілігіне жұмсамағанда қайда алып барамыз? Бұл ата-бабадан қалған өсиет. Елімізден қалған үндес.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы