388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Теміртаудағы қоқыс өңдеу зауыты кәріз құдығының қақпағын шығарады

  • 1008
  • UPD: 20:42, 10.12.2018

Еліміздің бірқатар аймақтарында тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып отырған 130 кәсіпорын бар. Бұлар 20-дан астам өнім жасап шығарады. Мысалы, Теміртау қаласындағы қоқысты өңдеп, сұрыптайтын зауыт қаладағы кәріздерді қақпақпен қамтамасыз етіп отыр.

Шойын қақпақтарға қарағанда бағасы да әлдеқайда арзан. 

Теміртаудағы экологиялық кәсіпорын күніне 150 текше метрге жуық қоқысты өңдейді. Шойын қақпақтардың баламасы жоғары температурада пластик пен құмды араластыру арқылы өндіріледі. Мына полигонға ай сайын 2 мың тоннадан астам қоқыс әкелінеді. Эколог мамандардың айтуынша,  мұндай үйінділер қауіпті. Олар тіпті, қоқысты көміп тастаған жағдайда да, оның экологияға тигізер зияны жүздеген жылдарға жетеді деп дабыл қағып отыр. Бүгінде Қарағанды мен Теміртау қаласында 500 ден астам «жасыл» қоқыс контейнері орнатылған. Бұл жәшіктер қалдықты сұрыптап салуға арналған. Жергілікті кәсіпкерлер қоқыстан өңделетін шикізаттан кәріз қақпағын ғана емес, тас төсеуіштері мен жиектас өндіруді көздеп отыр.

Еркін Мұқаев, зауыт директоры:

- 20-ға жуық қалдық түрлерін сұрыптаймыз. Оның ішінде қағаз, картон, шыны, пластмасса, темір бар. Оның барлығы тығыздалады. Жыл сайын шикізат көлемі артып отыр, бұл халықтың қоқысты дұрыс сұрыптап үйренгендігін білдіреді. Яғни қалдықтарды іріктеп, әр жәшікке салып отырады.

Атыраулық шағын кәсіп иесі Әзілхан Байбатыров осыған дейін  пластикалық қалдықтарды жиып, Ресейдің көршілес облыстары және Алматы қаласына жіберіп келген, қазір  іскер жігіт өзі цех ашты. Жас кәсіпкер қалдықтарды өңдеп, құрылыс саласына қажетті өнім шығарып жатыр. Болашақта мұнда шыны және қаңылтыр бұйымдар да өңделеді.  

Әзілхан Байбатыров, кәсіпкер:

- Қазіргі уақытта тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаумен айналысып жатырмыз. Айына 10-15 тонна қағаз және 5-6 тонна пластик қалдықтарды жинаймыз. Әрине болашаққа жоспарымыз өте көп. Қоқыс полигонымен бірігіп, қалдықтарды сұрыптау желісін салып, қаладан шығатын қалдықтың 10 пайызын игеріп көрсек деген ниет бар. Осыған дейін тротуар плиткасы, бордюр, черепица сияқты әртүрлі өнімдер шығардық.

Ал келер жылы Жаңаөзен қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу комбинатында үш бірдей өндірістік жүйе іске қосылады. Бұл цехтарда көше сыпыратын арнайы техникаға сыпырғылар мен спорт және ойын  алаңдарына төселетін жұмсақ жабынды әзірленетін болады. Айта кетейік, бұл жобалар инвестор қаржысымен жүзеге асырылады. Бас-аяғы 30 жұмысшы еңбек ететін кәсіпорында жылына 50 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар өңделмек. Жалпы Қазақстан бойынша соңғы 8 айда 3 млн астам тұрмыстық қалдық жиналған, қазір оның тек 10 пайызы ғана өңделді. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап экологиялық кодексте көрсетілген заң күшіне енеді. Осыған байланысты келесі жылдың басынан бастап, алдын ала өңделмеген тұрмыстық қалдықтарды полигонға көміге тыйым салынады. 

Авторлары: Айнұр Әбдиева, Бекен Әлирахым, Талғат Исламұлы

Хабар 24 телеарнасы