380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысын туристерге танытуға бағытталған жоба қолға алынды

  • 647
  • UPD: 22:24, 10.12.2018

Маңғыстау облысында геобақ құрылады. Бұл ТМД мемлекеттері арасындағы тұңғыш жоба. Қазір ЮНЕСКО мамандары қажетті археологиялық және табиғи ақпараттың сараптамасын жасауға кіріскен. Ауқымды жоба Маңғыстаудың кереметтерін әлемге танытып, елімізге келетін саяхаттаушылардың санын арттыруға мүмкіндік бермек.

Қайталанбас табиғат көріністері мен тарихи ескерткіштері бар геобақ Түпқараған және Маңғыстау аудандарының аумағын қамтиды.

Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен Маңғыстау мекені – ашық аспан астында жатқан мұражай. Еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің үштен бір бөлігі осы өңірде орналасқан. 13 мың ескерткіш бар. Соның жиырмаға жуығы «Геобақ» арқылы отандық және шетелдік саяхаттаушыларға таныстырылмақ. Қонақтар Маңғыстауда ғана кездесетін Сұлтан үпі, Шақпақ ата сынды жерасты мешіттері, шар тәріздес алып тастар, қазба жұмыстары жүріп жатқан ежелгі қала орындарын аралап, тамашалай алады.

Гүлмира Сүйеуова, облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз ЮНЕСКО-ға Геобақ құру туралы өтініш тастадық. Аймақта ашық аспан астындағы мұражайды құруға қажеттінің бәрі бар. Халықаралық ұйым мамандары оң бағасын берсе, келесі жылы инфрақұрылымды жүргізу жұмыстары басталмақ. 

Елбасы биылғы жолдауында «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында жаппай мектеп туризмін қайта жаңғыртудың қажет екенін айтқан еді. Осы бағытта аймақта бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. Белгілі археолог Андрей Астафьев білім басқармасымен бірге археологиялық слеттер ұйымдастыруды қолға алмақшы. «Оқушылар қазба жұмыстарына қатысу арқылы көшпелі бабаларының тұрмыс-салтымен танысып, Ұлы дала тарихын санаға сіңіретін болады» дейді ол.

Андрей Астафьев, археолог:

- Өткен айда Ақтаудағы мектептің оқушылары бізбен бірге 5 күндей қазба жұмыстарына қатысты. Бір аптада алған әсері туралы эсселер жазып, кейбірі тіпті зерттеу жұмыстарын да жасаған. Міне, балалардың өткен тарихқа деген қызығушылығын осындай жұмыстар арқылы арттыруға болады. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында мектеп жанынан та­ри­хи-археологиялық қозғалыстар құрудың маңызды екенін жазды. Мен маман ретінде бұған толық қосыламын.

Биыл облысқа 200 мыңдай саяхаттаушы келген. Оның тең жартысы шомылу маусымында көк теңізге түсіп, жұмсақ құмды жағалауда демалған. Ал 7 жылдан кейін Маңғыстауға келетін туристер саны 750 мыңға жетеді деп күтілуде. Жергілікті билік мұндай жетістікке теңіз жағалауын дамыту жұмыстарының арқасында қол жеткізбек.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Алдағы жылдары алып кемелермен Каспийде саяхат жасауға мүмкіндік туады. Теңізді жағалай орналасқан елдер су  жаңа жобаны жүзеге асырмақшы. Қазір осы мақсатта Ресей 300 адам сиятын су көлігін құрастырып жатыр. Жолаушылар лайнері 5 елдің порттарына аялдап, саяхаттаушылар әр елдің табиғатымен, мәдениетімен жақынырақ танысатын болады. 

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы