386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде бірлестік төрайымы мүгедек жандардың құқығын қорғауға бар күшін жұмсап жүр

  • 674
  • UPD: 09:10, 12.12.2018

25 жылдан бері мүгедектердің мәселесімен айналысып келген Құралай Бәйменова мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын таптатпай, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күшін салып келеді. Қоғамдық бірлестік құрып, сауықтыру орындарына  жолдама алып берді. Айтуынша, қамкөңіл жанның мұң-мұқтажын тағдырласы ғана жақсы түсінеді.

Құралайдың қоларбаға таңылғанына 30 жылдан астам уақыт өтсе де, қоғамдағы белсенділігін бәсеңдеткен емес. Ол 34 жасында жол апатына түсіп, жүре алмай қалған. 2 жыл төсек тартып, бірнеше операциядан өтті. Сонда да мойымады. Жұбайы мен балаларының қолдауы күш берді. Есін жиып, жан-жағына қарағанда өзі сияқты мүгедектердің проблемасын көрді. Тоқырау жылдары мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі шаш етектен еді. Ол ойланып отырмай, іске кірісіп, қоғамдық бірлестік құрды. 

Құралай Бәйменова, сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

- Қазір біздің бірлестікте 35 адам жұмыс істейді. Жартысы бірінші топтағы мүгедектер. Біз өңірдегі ең ірі ұйым ретінде әлеуметтік көмек көрсетеміз. 100 млн теңгеден астам қаржыға мемлекеттік тапсырыс орындаймыз. Жоспарымыз көп. Мүгедектерге арналған инфрақұрылымы бар қалашық салғым келеді.

Игілікті іске мұрындық болған Құралай Бәйменова аянып қалмады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жанайқайын жоғарыға жеткізді. Оларға арнап салынған көп қабатты үйден жүздеген адам пәтер алды. 25 жыл ішінде талай адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жол апатына дейін мұғалім болған, басшылық қызметте жұмыс істеп үлгерген қайсар әйел өзін тыңдата білді. Әр есікті қағып жүріп, қаншама адамға қол ұшын тигізді. 

Қасқырбек Жанқанов, 1-топтағы мүгедек:

- Құралай Базарбаевнадан көмек сұрадым керек деп. Ол кісі көмек берді. Бас тартқан жоқ. Осы жерде мен тенниспен айналысамын. Шараларға қатысып тұрамын, әрқашан шақырып тұрады, келіп тұрамыз. шақырған жеріне барып тұрамыз. 

Жанар Әбдіразақова, қала тұрғыны:

- Жесір анамын. 3 баламен қалдым. Кенже ұлым бала кезінен ДЦП. Қазір 11 жаста. Көп-көп рахметімді айтамын. Біздей аналарға қол ұшын көрсетіп отырғанына. Оған дейін мен көмек те алмадым. Көп білмейтін жерлеріміз бар.

Бірлестік мүшелері өзгенің қайғысына бей-жай қарамайды. Аяқасты апатқа ұшырап, төсекке таңылған жандарды қамқорлыққа алады. 4 қабырғада қамалып қалмай, ортамен араласуына жағдай жасайды. Жалпы облыс бойынша өздігінен жүре алмайтын мыңнан астам мүгедек бар.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Айбек Дәуітов

Хабар 24 телеарнасы