384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шаруалардың мал басын арттыруға құдық тапшылығы кедергі болып тұр

  • 702
  • UPD: 20:49, 13.12.2018

Экспорт ұлғайды дегенмен мал басын көбейтуге қолбайлау боп тұрған мәселе де бар. Білесіз, біздің елде жайылым көп.

Бірақ соны толық пайдаға жарата алмай отырмыз. Себебі су жоқ. Содан келіп, шаруа біткен жаз жайлау, қыс қыстауында суы бар жер іздейді. 

Тоғандардың дені бұзылған. Тек құдық қазып амалдауға тура келеді. Бірақ сол құдық қазудың да машақаты көп болып тұр. Мәселе қашан, қалай шешімін табады. 

Қорған Төреқожа, тілші:

- Ел бойынша Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Түркістан облыстарында мал суаратын құдық тапшы. Шаруалар бағып отырған түліктерін табиғи су көздерінен, тоған, көл, су қоймаларынан суарып жүр. Малшылардың шымбайына батып тұрғаны осы. Келесі кейіпкеріміз де құдықтың жоқтығынан мал санын көбейте алмай жүр. 

Ерғали Бөкебаев қой айтқанымыз. Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Мырзатай ауылында тұрады. Айдағаны бес ешкі емес. Иелігінде 40 бас жылқысы мен 30 шақты сиыры бар. Енді түлік санын көбейтіп, сауынмен айналысқысы келеді.  

Ерғали Бөкебаев, шаруа қожалығының иесі:

- Су мәселесі қиын болып тұрда бұл жерде бізде. Күз айында кішкене су көтеріледі. Одан соң қыстың күні қатады. Апарсаңыз, мал су іше алмайды. Оны ойып суарамыз, ойған кезде оған мал түсіп кетеді. Жаздың күні су тартылып кетеді. Сосын малдарды айдаймыз анау алыс жаққа. Арықтан су келеді. Соған апарамыз. Сауын, сиырлар тұрса, сауын жылқылар тұрса су керек болады.

Шаруа жергілікті әкімдікке де жүгінген. Құдық қазып беруге жәрдемдесулерін сұрап. Нәтиже болмапты. 

Ерғали Бөкебаев, шаруа қожалығының иесі:

- Шағын бизнес, орта бизнес дегенге үкіметтен бағдарламалар болып жатыр ғой. Сондай бір көмек бар шығар деймін. Болып жатса, көмектессе деймінда. Бізге өз қалтамыздан істету, біреуді жалдау қиын болып тұр. Малдың басын көбейтеміз бе, құдық қазамыз ба, шығындалып жатырмыз өзі де.  

Не істемек керек? Мүмкіндік болса, демеуші іздеңіз. Себебі қазір құдықты инвестор арқылы қазу қолға алынып жатыр. Осы кезде үкімет те қолдау көрсетеді. Сөзімізге тұздық. Жұмсалған инвестициялық шығынның жартысынан көбін мемлекет өтеп береді. Мәселен, 20 метрлік шахталы құдықтың 1 шаршы метрі үшін 50 мың, 50 метрлік құбырлы құдықтың 1 шаршы метріне 40 мың теңге төленеді.

Ерлан Ильясов, ҚР Ауылшаруашылығы министрілігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің басқарма басшысы: 

- Фермер немесе тауар өндіруші құдық қазғанда оның шығынын мемлекет 80 пайызға дейін өтеп береді. Және онымен қоса фермерге қажетті инфрақұрылым дейді ғой, жаңағы шопанға арналған үй, су тартатын насос, вентилятор барлығы 80 пайызға дейін мемлекет тарапынан субсидияланады. Одан бөлек биыл 2018 жылы жаңа субсиялаудың паспорты қосылды. Егер адам жасанды су тоғанын істесе, ол да 25 пайызға дейін мемлекет тарапынан субсияланатын болады.

Мәселен, 2014 жылдан бері ел бойынша жаңадан 4433 құдық орнатылған. Ол үшін жалпы құны 18 миллиард теңгеден астам ақша жұмсалыпты. Кеткен қаржының 10,8 миллиарды субсидияланған. Яғни, мемлекет тарапынан қолдау жоқ емес. Соның өзінде ащы судың құдықтары жетіспейді.  Елде етті мал шаруашылығын дамытудың ұзақмерзімді салалық бағдарламасы қабылданды. Енді 2024 жылға дейін шетелден 1 миллион бас қара мал әкелінеді. Қазірдің өзінде құдықтар жетпей жатса, күні ертең бір емес, миллион бас мал келгенде жағдай не болмақ? Яғни, инвестор арқылы құдық қазу үрдісін жеделдеткен жөн бе дерсіз.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ермек Кеншімбек, Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілханов

Хабар 24 телеарнасы