389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда медициналық ұйымдар сандық жүйеге көшірілді

  • 1472
  • UPD: 00:23, 14.12.2018

Түркістан облысында аудандық деңгейге дейінгі барлық медициналық ұйымдар толық сандық жүйеге көшірілді. Қағазбастылықтан арылу үшін қазір өңірдегі емдеу мекемелері түгелдей «Даму мед» және «Жарқын болашақ» атты жаңа медициналық ақпараттық бағдарламамен жұмыс істеп жатыр. 

Түркістан облысындағы медициналық ұйымдар 2018  жылдың 1 сәуірінен бастап, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, қағазсыз медицина жобасына көшті. Соның нәтижесінде аудандық деңгейге дейінгі барлық медициналық мекемелер сандық жүйеге негізілделген «Даму мед» және «Жарқын болашақ» атты жаңа бағдарламамен жұмыс істей бастады. Өңірдегі аудандық деңгейдегі медициналық ұйымдар 100 пайыз, ал ауылдық жерлердегі мекемелер 50 пайыз интернетпен қамтылған. Ал облыста денсаулық сақтау саласын компьютермен қамту 80 пайызды құрап отыр. 

Ермек Тәжімұрат, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Биылғы жылы облыстық бюджет есебінен біздің компьютерлік жабдықтау көрсеткішіміз 64 пайыздан 80 пайызға  көтеріліп отыр. Биылғы жылы 5728 компьютермен жабдықтау жоспарланып, қазіргі таңда жеткізілу үстінде. Одан бөлек медициналық ақпараттық жүйе дейміз, өздеріңіз көріп отырғандай медициналық ақпараттық жүйе 100 пайыз мекемелерге жеткізілді.

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын цифрландыру 4 бағытта жүзеге асырылады. Олар сауықтыру және алдын алу, ауруды ерте анықтау, медициналық көмек көрсету, сондай-ақ ауруды басқару және оңалту. Жалпы сандық технология өңірдегі перзентханаларға да оң септігін тигізуде. Мұнда босануға келген әйелдер туралы барлық мәлімет олардың электрондық денсаулық құжатында көрсетілген. Дәрігерлер қажетті барлық ақпаратты сол жерден алады. 

Ардақ Аязбеков, қалалық №3 перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары:

- Жалпы шолу кезінде науқастың алдыңғы жазбалары, мәліметтері осының бәрі  планшет арқылы науқастың қасында  көтеріліп, толық келесі жоспар құрылып, туу құжатын алуға, басқа да тіркемелерді жұргізуге  толық мүмкіншілік береді. Компьютерде барлығы тұр. Сонымен қолдануға өте ыңғайлы.

Сондай-ақ шаһардағы Түркістан жоғары медицина колледжі де инновациялық жаңа жүйелерге иек артып отыр. Мұнда өз-өзіне қызмет көрсету бөлмесі мен студенттерді қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілген. 

Ғалымжан Бимурзаев, Түркістан жоғары медицина колледжінің директоры:

- Кітапханамызға электрондық кітаптар енгіздік. Ана-ана өз баласының осы жерде қалай оқып жүргенін, сабаққа қалай қатысты, қандай баға алды бәрін үйде отырып, біздің сайтымыздан көре алады. Білімін жоғарылатқысы келіп, кейінгі медицинадағы жаңалықтарды білгісі келетіндерге, ауылдардағы дәрігерлерді қашықтықтан оқытуды қолға алып, жұмыс істеп жатырмыз.

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру нәтижесінде науқастардың емханаға келуі 9-дан 2-ге дейін, кезектің уақыты 30-дан 15 минутқа дейін, ал дәрігерлердің қабылдау уақыты 50 пайызға дейін қысқарған. Кеңсе тауарларына кететін шығындар оңтайландыру нәтижесінде соңғы үш айда 15 млн теңгеге дейін үнемделген.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы