387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әулиеата жерінде 28 нысан қолданысқа берілмек

  • 627
  • UPD: 15:15, 14.12.2018

Тәуелсіздік күні қарсаңында Жамбыл облысында 28 нысан пайдалануға берілмек, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оның 12-сі көпқабатты тұрғын үй болса, жетеуі дәрігерлік амбулатория. Сондай-ақ балабақша, ауызсумен қамтамасыз ету және кәріз жүйесі де бар. Дәл қазір Таразда 11 көпқабатты тұрғын үй пәтер иелеріне беріліп жатыр. 

Мереке қарсаңында пайлануға берілген көпқабатты тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша соғылған.  Қазір 401 тұрғын қоныс тойын тойлап жатыр. Бұл баспаналар Ұлы Отан соғысының ардагерлері, көпбалалы отбасы, бюджеттік сала қызметкерлері мен ата-ана қарауынсыз қалған жетімдер мен жесірлерге берілуде. Ал қалған пәтерлер несие арқылы рәсімделген.

Талай жылдан бері пәтер жалдап тұрып келген  отбасылардың бүгінгі қуаныштарында шек жоқ. Тәуелсіздікке тарту ретінде көптен күткен армандары орындалып, барлығы жаңа баспанаға ие болып жатыр. Ендігі кезек тез арада көшіп келіп, қоныс тойын тойлау.

Ғалымжан Әбдірайымов, Тараз қаласының әкімі:

- Бас жоспарға байланысты жаңа 15-мөлтек ауданда 280 көпқабатты 969 жеке тұрғын үйдің құрылысы салынуы жоспарланған. Бүгінгі күнге «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 10 үйдің құрылысы басталып, 9 үй қабылданды, 10-үй қабылдануға дайындалып жатыр. 15-мөлтек ауданының орталығы 42 гектар болып отыр, бұл 42 гектарға Тәуелсіздік монументінің құрылысы салынатын болады, бұл жерде Оқушылар сарайы, көптеген мәдени әлеуметтік нысандар салынатын болады.

Кәмшат Кашкеева, Тараз қаласының тұрғыны:

- Биылғы «7-20-25» бағдарламасы әрбір қазақстандыққа пәтер алуға үлкен мүмкіндік туғазады. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасының шартымен біз отбасымызбен бірге танысып, өзімізге қолайлы екендігін және осы бағдарлама аясында үш бөлмелі пәтер аламыз деп шештік. Бүгін біздің отбасымыз үшін өте қуанышты күн, қуаныштымын, мен өзім көпбалалы анамын, өте қуаныштымыз, баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Егеменді ел болғалы аймақта 1 миллион 420 мың шаршы метр баспана ел игілігіне берілген. Осы жылдың өзінде баспанаға 7 миллиард теңге жұмсалып, 440 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.

Айта кету керек, көпқабатты тұрғын үйдің тоғызы жаңа 15-мөлтек ауданда орналасқан. Ал екеуі Бәйтерек шағын ауданында, сондай-ақ Шу қаласындағы «Жетісу» тұрғын алқабында 75 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы қазіргі таңда Тараз қаласындағы 686 пәтер «7-20-25» бағдарламасы аясында азаматтарға ұсынылуда. Облыс тұрғын үй құрылысы бойынша көш бастап тұр.

Авторы: Қырмызы Жексенбек

Хабар 24 телеарнасы