387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр жұрты Тәуелсіздік күніне тарту-таралғы жасады

  • 751
  • UPD: 15:46, 14.12.2018

Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен Сыр өңірінде азаттықтың ақ таңы атқан күн айырықша атап өтілуде, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Егемендік тойы қарсаңында Арал ауданының шалғай ауылында медициналық пункт пайдалануға берілді. Ал Жалағаш ауданында балалар технопаркі ашылып, бірнеше елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды. Сыр жұртының Тәуелсіздік күніне тарту-таралғысы мұнымен бітпейді.

Тәуелсіздіктің жарқын тойында Қызылорда қаласында жаңа балабақшаның есігі айқара ашылды. 140 орындық бөбекжай 1-ден 3 жасқа дейінгі балғындарды да қабылдайды.    

Тасбөгет кентінде бұған дейін бірден енді асқан бөбектерге арналған балабақша болған емес. Мектепке дейінгі мекеменің құрылысына жарты миллиард теңге жұмсалып, балғындардың саналы, сапалы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Аймақта жалпы балабақшамен қамту мәселесі толық шешімін тапқан. Енді тәрбиешілердің біліктілігін арттыру шаралары қолға алынып жатыр. 

Осы ретте аймақ педагогтары білім сынақтарын тапсырып жатыр.

Жанат Хамитбекова, қалалық білім бөлімі басшысының м.а.:

- Аттестациядан өткізу нормативтері жаңартылды. Сол норматив бойынша бүгінгі күні тәрбиешілер аттестациядан, тестілеуден өтуде. Соған сәйкес ертеңгі күні жалақысы көтерілетін болады.

Тәуелсіздік күні қарсаңында білім беру ұйымдарында «Ұлы даланың жеті қыры – ұрпаққа ұлағат» атты семинар-кеңестер өткізілді. Шарада егемен ел атану жолында егеулі найза қолға алған батыр бабалардың сара жолы мен тарихы дәріптелді. Оқушылар Елбасы мақаласында көрсетілген бағыттар бойынша жазылған ғылыми еңбектерін арнайы көрмеде таныстырды. Сонымен қатар өңірде «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өз жұмысын бастады. Онда аймақты жемқорлықтан ада өңірлер қатарына енгізу жобалары жүзеге асырылады. Жобалық кеңседе әлеуметтік сала және сот, құқық қорғау органдары қызметтеріне талдау жасалады.

Ал дәл қазір біз тұрған Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрында жыл үздіктері марапатталды. Салтанатты жиында ел дамуына сүбелі үлес қосқан 50 шақты сырбойылық марапат төрінен көрінді. Мерекелік шаралар тізбегі әлі де жалғасын табады.

Авторы: Қамбар Бекенов

Хабар 24 телеарнасы