389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдық студент табиғатқа тамаша тарту жасады

  • 1379
  • UPD: 11:33, 15.12.2018
Оралдық студент табиғатқа тамаша тарту жасады

Оралдық студент Нұрай Темірғали өзінің туған күнінде табиғатқа тамаша тарту жасады. Ол 17 жасқа толған жеке қуанышын әдеттегідей атап өтуден бас тартып, өз қаражатына құстарға арналған 17 ұя жасатқан.

Қайырымды студенттің тапсырысын орындаған ағаш шебері бірден 20 шақты ұяны алғаш рет жасағанын айтады. Ұялар мен жемсауыттар қаладағы демалыс саябағындағы ағаштарға орнатылды. Саябақ қызметкерлері де құстарға қамқорлық көрсеткен жастың бастамасына ризашылықтарын білдірді. Нұрай болашақ тіл маманы. Қазір Оралдағы колледждердің бірінде шет тілдері факультетінде білім алып жүр.

«Құстарды кішкентайымнан өте жақсы көремін. Болашақта бұл бастамам өзім секілді жастар тарапынан қолдау табады деп сенемін»,- дейді ол.

Нұрай Темірғали, студент:

- Шымшық, бозторғай тағы да басқа секілді кішкентай құстарды жақсы көремін. Себебі оларға көмек керек болады. Және олар қыста кішкентай ғана қанаттарымен өздерінің өмірлерін сақтауға қорек іздеуге тырысады. Соларға қараймын да, кейде көреміз, байқамаймыз бірақ та, олар өздеріне қорек таба алмайды. Тойлауға болатын еді маған, достарымды шақырып, сыйлық алып, ол керек әрине бірақ мен құстарға көмектесем деп ойладым.

Абзал Құспан, Нұрай Темірғалидің әкесі:

- Осыдан 4-5 жыл турасында Нұрай 13-ке толған кезде мен Есенғали Раушановтың «Құстар біздің досымыз!» деген үлкен кітапты сыйға тарттым. Қызымда сол кезден бастап бір ой қалыптасқан сияқты. Содан кейін осы құстарға жемсау жасайық, құстарға ұя жасап, болмаса құстардың тамағын дайындайық деген сөздерді жиі еститін болдым.

Хабар 24 телеарнасы