385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Каспий құбыр консорциумы Тәуелсіздік күніне тарту жасады

  • 471
  • UPD: 23:33, 15.12.2018

Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайының үштен екісін экспортқа шығаратын негізгі компания, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осы кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі өз алдына бір бөлек әңгіме. Халықаралық компания Атырау облысында көптеген әлеуметтік маңызды нысандардың бой көтеруіне ұйытқы болып, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтуға сүбелі үлес қосып келеді. Айталық, бүгін кәсіпорын 290 орындық балабақшаны қолданысқа берді.

Каспий құбыр консорциумы – қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып отырған компаниялардың бірі. Мұнай тасымалдаушы кәсіпорын әлеуметтік жауапкершілікті басты орынға қояды. Жалпы компания жыл сайын облысқа 2 млн АҚШ долларын бөліп отыр. Осы әлеуметтік жоба аясында бүгін 290 орындық балабақша қолданысқа берілді.     

Фаруза Шәңгереева, Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы:

- Осы «Самал» ықшамауданында екі мыңнан астам халық тұрады. Бірақ бірде-бір осындай балабақша жоқ. Сондықтан біздің қуанышымызда шек жоқ деп айтуға болады. Осы ықшамауданда бүгінгі күні 900 орындық мектеп те салынып жатыр.   

Әлеуметтік бағдарлама жүзеге асырылған уақыт аралығында компания облысқа 9 миллиард теңгеден астам қаржы құйды. Бұл ақшаға мектеп, балабақша, медициналық мекемелер, спорт және демалыс алаңдары мен студенттерге арналған жатақханалар салынады. 

Николай Горбань, «Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директоры:

- Каспий құбырлар консорциумы – әлеуметтік жауапкершілікті басты орынға қоятын компания. Біз мұны өзіміздің әлеуметтік жобаларымыз арқылы іс жүзінде дәлелдеп келеміз. Біз жыл сайын жергілікті әкімшілікпен келісе отыра өңірге аса қажетті әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып келеміз.      

Осындай игі істерінің арқасында компанияның еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, кәсіпорын басшысы Николай Горбань Президент жарлығымен «Достық» орденімен марапатталды. Қазір облыс бойынша компанияның демеушілігімен елді мекендерде 290 орындық 3 балабақша және 80 орындық мектеп салынып жатыр.       

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы