389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында ең үлкен тауарлы-сүт фермасы ашылды

  • 663
  • UPD: 23:31, 15.12.2018

Ертіс өңірінің тауар өндірушілері өнім сапасын арттырады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Луганскі өндірістік кооперативінде сандық технологиямен жабдықталған тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Ондағы сауын бөлімі толық автоматтандырылған. 

Әзірге Павлодар облысындағы ең үлкен тауарлы-сүт фермасы бұл. Шаруашылық 632 сауын сиырға арналған кешенді бір жарым жыл ішінде салып бітті. Өндірістік кооператив оны жеке қаражатына тұрғызып отыр. Құйылған инвестиция көлемі 480 миллион теңгеден асады. Сүт өндірудің барлық кезеңі автоматтандырылған жүйеде бақыланады.

Петр Кузьменко, өндірістік кооперативтің төрағасы:

- Біздің алдымызда тұрған негізгі мақсат мал басын арттыру болатын. Енді, міне, сапаға мән беретін кез келді. Қазір мал азығының құнарын жақсартуға күш салып жатырмыз. Бұл өнім көлеміне әсер етеді. Қазір күніне бір сиырдан 19-20 литр сүт сауамыз.

Заманауи технологиялар ауыл еңбеккерлерінің жұмысын жеңілдетіп отыр. Мұнда жаңа әдіс-тәсілдер қолданылады. «Елочка» деп аталатын сауын залында бір мезетте 32 сиыр сауылады. Олардың өз тәртібі бар. Реттік нөміріне сай оператор әрбір сиырдың физиологиялық жағдайынан хабардар болады. Алты жүз сиыр тұратын сауын залында бар-жоғы үш сауыншы жұмыс істейді.

Валентина Резмерица, оператор:

- Жұмысымыз анағұрлым жеңілдеді. Бұрын сауыншы 3 сағатта 50 сиыр сауған болса, қазір 300 басты сауып шығады.

Бұл шаруашылықта мал саны 6 мыңнан асады. Олардың 1600-і сауын сиырлар. Тәулігіне сүт өңдеу зауыттарына 30 тонна салқындатылған сүт жеткізеді. Павлодар ауданы облыста сүт және ет өндіру жағынан көш бастап тұр. Өткен жылы аудан  29 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндіріпті. Биылғы меже анағұрлым жоғары.

Александр Бабенко, Павлодар ауданының әкімі:

- Тек 11 айда 35 миллиард теңгенің өнімін шығардық. Өңдеу бойынша жоғары көрсеткішке жетіп отырмыз. Біз өнімнің 55 пайызын экспортқа шығарамыз.

Аудан келер жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге басымдылық бермек. Мақсат – ішкі және сыртқы нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы