375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тәуелсіздік жылдары Түркістан облысында қандай игі істер атқарылды?

  • 1308
  • UPD: 15:18, 16.12.2018

Азаттық алған 27 жылдың ішінде еліміз көптеген жетістіктерге жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірлер де дамып, кемелдене түсті. Айтулы оқиғалар санатына биыл ғана құрылған Түркістан облысы жатады. Тәуелсіздік жылдары Түркістан облысының тарихында да алтын әріппен жазылып қалатын талай игі істер атқарылып, жемісті дүниелер жүзеге асты. Солардың ең негізгілеріне осы өңірдегі тілшіміз Жандос Жұмабек рет-ретімен тоқталады.

Еңбектеген баладан еңкейген кәрісіне дейін еңбексүйгіш өңірдің халқы егемендік жылдары еңсесін түсірмей, бірлік пен берекенің арқасында тірлігін тіктеп, тұрмысын түзеді. Ең алғаш мұнда Сырдария өзенінің үстінен өтетін «Тәуелсіздік көпірі» салынды. Ол - Мақтаарал, Жетісай аудандарын көршілес Өзбекстанмен тікелей байланыстырып жатыр. Өңірден көкөніс пен жеміс-жидек тасымалдайтын жүк көліктерінің барлығы қазір осы көпірмен өтеді. «Ал 27 жыл бұрын тасымалдаушылардың барлығы көрші елдің шекарасы арқылы кезек күтіп, әрең өтетін», - дейді Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев.

Жамантай Бейсенбаев, Жетісай ауданының әкімі:

- Ол кезде кешкі сағат 6-8-де жауып қоятын, егер содан кешіксек, біз Сарыағашта, Келесте басқа жерлерде жататын жағдайлар болды. Міне, осыны Елбасы ескеріп, ең бірінші «Тәуелсіздік көпірін» салды.

Жер еміп, жеміс теріп өскен өңірдің халқы сауда-саттықты да ұршықша иіреді. Көршілес Өзбекстанмен алыс-берісті ғана емес, барыс-келісті де жолға қойды. Екі ел басшыларының ортақ келісімінің нәтижесінде қазір шекара ашық, достық қарым-қатынас нығая түскен.

Сырым Ертаев, кәсіпкер:

- Біздің кәсібімізді ары қарай дамытуға, шекарадан тауарларды өткізуге ешқандай кедергілер жоқ. Екі елдің келісімі арқылы көптеген тауарларымыз айналып, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл үш есеге асты десе болады.

Тәуелсіздік жылдары өңірдегі Арыс пен Отырар аудандарының аумағында салынған тағы бір ірі жоба бар. Ол - сыйымдылығы 3 млн текше метр болатын Көксарай су қоймасы. Бұл жоба да тікелей Елбасымыздың қолдауымен іске асырылған. Қазір оның пайдасын жергілікті халық көріп отыр.

Жаңабай Сатыпалды, еңбек ардагері:

- Бұрындары, әсіресе, жаз айларында бізде жүгеріні суғаруға су жетпейтін. Енді Көксарайдың суға толтырылуына байланысты жаз кезінде егіншілікті сумен қамтамасыз етуге  зор ықпалы тиіп отыр. Мұның рахатын ел көріп отыр.

Сонымен қатар өңірде 21 жыл бойы біріктіріліп келген Мақтаарал мен Жетісай және Сарыағаш пен Келес аудандары өз алдына жеке шаңырақ көтеріп, төрт ауданға бөлінді.

Мұстафа Сүлейменов, Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Рухани жаңыруларды қайтып жаңғыртып жатқан кезде ауданымыз бөлініп, бұрынғы Келес деген тарихи атауы қайта келіп, өз алдына шаңырақ көтеріп, отауын тігіп, халықтың қуанышы қойнына сыймай, қуанып жатқан жайы бар. Мұның барлығы осы 27 жылдағы Тәуелсіздіктің үлкен жемісі, Елбасымыздың көрегендігі деп білеміз.

Тәуелсіздіктің әрбір жылы Түркістан облысы үшін жеңіс пен жетістікке толы. Өйткені кеңестік кезеңде айтуға тыйым салынған, ұлттық құндылықтарымыз бен рухани дүниелеріміз қайта жаңғырып, ортамызға оралды. Белігілі жазушы Мархабат Байғұт ол кездерде халық Отырар мен Түркістанды, Арыстанбаб пен Ясауиді айтуға, оларға зиярат жасауға қорқатын дейді.

Мархабат Байғұт, жазушы, Түркістан облысының құрметті азаматы:

- Ал қазір Тәуелсіздіктің арқасында еркіндік, емен-жарқын зерттеуге де, келуге де, зиярат етуге де еркіндік ашылды. Бұның барлығы егемендіктің, тәуелсіздіктің, азаттықтың арқасы.

Түркістан өңірі үшін Тәуелсіздіктің сыйы көп. Мәселен 90-жылдардың басында өңір халқының саны 1 млн 800 мың болса, бүгінгі таңда Шымкент қаласының тұрғындарын қоса есептегенде 3 миллионнан асады. Ал Түркістан облысы халқының өзі 2 миллионның үстінде. Жалпы еліміз үшін, тұтас түркі жұрты үшін Тәуелсіздіктің ең үлкен жемісі - Түркістан облысының құрылуы болды. Демек, ғасырлар бойы Тәуелсіздік жолында күрескен батыр бабаларымызға тұғыр болған киелі Түркістанның жаңа дәуірі қайта басталды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы