384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еріктілер тоқыған бұйымдар мерзімінен бұрын туған сәбилерді оңалтуға сеп болып жүр

  • 655
  • UPD: 17:32, 16.12.2018

Елімізде жыл сайын жарты миллионға жуық сәби дүниеге келеді. Олардың арасында мерзімінен бұрын жарық дүние есігін ашқандар да бар. Ал осы шақалақтарды күтіп бағудың машақаты бір бөлек, оларға арнайы киімнің де қажет екенін біреу білсе, біреу білмейді. Бұрын арнайы киімді көнекөз ісмер әжелерімізге қолқа салып тіктірсек, енді бұл істі арнайы тоқымашы еріктілер тобы қолға алған. Олар бірлесіп ұйым құрып, қордың атауын «28 ілмек» деп атапты. Неге 28 ілмек?

Елімізде тоқымашы еріктілер бар. Олар сәбилерге көмектеседі. Еңбектеріне ақы дәметпейді. Бұл еріктілер салмағы 500 граммнан басталатын шақалақтарға арнап таза жүннен киім тоқуды қолға алған. Олардың қолынан шыққан бұл бұйымдар сәбиді суықтан қорғап ғана қоймай, денесін тітіркендіру үшін де қажет. Мерзімінен ерте туғандықтан баланың тыныс алу мүшелері толық жетілмейді. Сол себепті бұл киім ұйқыда жатқан сәбидің де жүйке талшықтарына әсер етіп, тез жетілуіне көмектеседі.

Дана Италмасова, «28 ілмек» қорының мүшесі:

- Осындай мінеки киім: бас киім, күртеше, көрпеше және шұлықтар жүз пайызды жүннен тоқылады. Жүн баланы бір жағынан суықтан сақтайды, жылу береді. Екінші жағынан бала ұйықтап кетпеу үшін тітіркендіріп сондай әсер береді. Бала ұйықтап кетпейді және дем алуды ұмытып кетпейді. 

Бала толық жетілгенше осындай киімнің бірнешеуі кигізіледі. Олардың ерекшелігі де сол – бір жуылғаннан кейін қайта пайдаланылмайды. Сондықтан қайырымды жандарға қол қусырып отыратын уақыт жоқ.

Латиф Парпиев , «28 ілмек» ұйымының вице-президенті:

- Сол фонд 6 жылдан бері жұмыс істейді. 120 қала, 8 мемлекет. Әрбірімен жұмыс істеу оңай емес, бірақ Құдайға шүкір, әрбір адам өзінің ішінен ақша шығарып, өзі алып келіп өзі жасап жатыр бар нәрсені. Бізде спонсорлар жоқ.

Еріктілер жейделерге қоса ойыншық сегізаяқтар да тоқиды. Дәрігерлер бұл балаларды алдарқату үшін қажет дейді. Түрлі құрылғыларға қосылған шақалақ түтікшелерді жұлып тастамау үшін жанына осындай ойыншықтар қойылады.

Қарлығаш Ағыбаева, неонатолог дәрігер:

- Шала туған балалардың дене температурасы бірқалыпты болмайды. Олар ерекше күтімді талап етеді. Ал тоқылған киімдер жұмсақ және жылуды сақтайды. Әр заттың ерекше ілтипатпен тоқылғаны көрініп тұрады.  Әрине қарапайым жаялықтарды да қолдануға болады, бірақ бұл заттар босанған аналарға психологиялық көмек береді. Бұл өте маңызды.

Мақпал Мукашева:

- Бұл өте пайдалы деп ойлаймын. Именно, енді осындай біздің балаларызмызға жеті ай толмаған балаларымызға. Әлі де көп балаға көмегін тигізсе деп ойлаймын. Көп рахмет айтамын өз атымнан. 

Алғаш рет Қазақстанда құрылған қайырымдылық ұйымы қазір бірнеше елде жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында еріктілер 35 мыңнан астам киім тоқыған. «Бір баланың киіміне 2 орам жіп кетеді. Ал ең кішкентай бір шұлықты тоқу үшін 28 ілмек пайдаланылады екен. Бұл ұйымның «28 ілмек» аталуының негізгі себептерінің бірі» дейді ұйым өкілдері.

Хабар 24 телеарнасы