387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бакуде Қазақстанның Тәуелсіздік күні атап өтілді

  • 456
  • UPD: 21:58, 16.12.2018

Бакуде Қазақ елінің тәуелсіздік күні тойланды. Салтанатты жиынға үкімет мүшелері, парламент депутаттары, ғылым мен мәдениет өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты. Мерекелік шарада Қазақ елінің соңғы жылдардағы жетістіктері мен болашақтағы даму мүмкіндіктері сөз болды.

Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесі Бакуде салтанатты түрде аталып өтті. Жиында қазақ елінің жетістіктері мен әлеуметтік-экономикалық даму жайы және халықаралық аренадағы беделі сөз болды. Мерекелік басқосуда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас деңгейі де айтылды. 

Иса Габиббейли Милли Меджлис депутаты, академик:

- Қазақстан - бізге дос ел, әрі Әзербайжанның стратегиялық әріптесі. Барлық салада тиімді қарым-қатынас орнаттық. Мұндай жақындық тарихи-мәдени байланысты да нығайта түседі. Қазақстанның дамып, өркендеуі - Әзербайжан үшін де маңызды. Сондықтан Қазақ елінің тәуелсіздігін біз өз мерекеміз секілді атап өтеміз.

«Өзара сенімге құрылған қарым-қатынас пен аймақтық бірлескен жобаларды жүзеге асырудың арқасында екі мемлекет арасындағы байланыс деңгейі жаңа белеске шықты»,  - дейді еліміздің елшісі Бейбіт Исабаев. Әзербайжан энергетика министрі Парвиз Шахбазов Қазақстанның аймақтағы көшбасшы елдердің бірі екенін әрі өңірдегі энергетикалық және транспорттық дәліздің құрылуында маңызды рол атқарғанын атап өтті.    

Фатима Дурсунова, Бакудегі Абай атындағы орталықтың жетекшісі:

- Бұл Қазақстанда ғана аталып өтетін мереке емес. Әзербайжанда да тойланады. Себебі Қазақ елі бізге бауырлас мемлекет. Біздің ортақ тарихымыз бар. Түп тамырымыз бір. Қазақстан мен Әзербайжанның түркі тілдес ел екені жалпыға мәлім. Ғасырлар бойы ортақ мәдени мұраларымыз қалыптасты. Қазақстан халқын тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаймыз. Бауырлас елге тек өркендеп өсе берсін дейміз.   

Қазақстан бүгінде көптеген ғаламдық жобалардың авторы атанып, халықаралық маңызды шаралардың тұрақты қатысушысына айналды дейді сарапшылар. Екі елдің аймақтағы белсенділігі өңірдің экономикалық ахуалын жақсартуға үлес қосады. Соңғы тоғыз айда тауар айналымы 65 пайызға өсті. Мемлекеттер арасында тиімді транспорттық-логистикалық инфрақұрылым құрылып, әлемдік дәлізге айналды. 

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы