389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германияда еліміздің Тәуелсіздік күні атап өтілді

  • 579
  • UPD: 22:48, 16.12.2018

Қазақ елінің тәуелсіздік күні Германияда да аталып өтті. Салтанатты жиында Астанаға арналған көрме өтіп, Алмания аспанында ұлттық музыкамыз қалықтады. Мәдени бағдарлама аясында қонақтарға Ұлы даланың естен кетпес әсерлі көріністері ұсынылды.

Еліміздің Берлиндегі елшілігі ұйымдастырған салтанатты қабылдауға Бундестаг депутаттары мен үкімет мүшелері, дипломаттар, кәсіпкерлер және диаспора өкілдері келді. Жиынды Қазақстанның Германиядағы елшісі Болат Нүсіпов ашты. Ол өз сөзінде Қазақ елінің қазіргі жеткен жетістіктерін атап өтті. Германия біздің елдің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. 

Михаэль Зиберт, ГФР СІМ Шығыс Еуропа, Орталық Азия бойынша сенімді уәкілі:

- Қазақстан мен Германия арасында сенімге негізделген тығыз қарым-қатынас орнаған. Біз Қазақстанды аймақтағы маңызды экономикалық әріптес ретінде ғана емес, халықаралық аренада бейбітшілікті насихаттайтын беделді ел деп қабылдаймыз. Мен сіздерді ұлттық мерекелеріңізбен құттықтаймын. Өсіп-өркендей беріңіздер.

Қазақстанның Тәуелсіздік күні Берлинде үлкен гала концертке ұласты. Жергілікті жұрт Дина Нұрпейісова атындағы қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінің өнерін тамашалады. Біздің өнерпаздар ежелгі халық әндерін шырқап, Ұлы даланың асқақ әуенін паш етті. Мерекелік кеште қазіргі заманғы опера және джаз әндері де орындалды. Көрермендер қазақ халқының бай мәдени мұрасына куә болып, әншілердің шеберлігіне ризашылықтарын білдірді.

Раймонд Шнайдер кәсіпкер:

- Мен мұндай шебер орындаушылардыкөрген емеспін. Ұлттық киімдер таң қалдырды. Сіздердің музыкаларыңыз қатты ұнады. Тіпті ұлттық астарыңыз да дәмді екен. Мен Қазақ халқын тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Осы мерекеге келгеніме қуаныштымын.

Фритьев фон Норденскельдт, Германияның Франциядағы елшісі /2001-2004/:

- Таңқаларлық кеш! Қаншама қонақтар келді, олардың көбі алыстан жетті. Бұл Қазақстанның достары көп екенін білдіреді. Маған әншілердің өнері қатты ұнады. Біз концертте құлақ құрышын қандырар әндер тыңдап, ұлттық дастарқанның дәмді тағамдарынан да ауыз тидік. Керемет әсер алдық!

Мерекелік кеште «Астанаға 20 жыл» атты фотокөрме өтіп, елорданың қайталанбас әсем ғимараттары көпшілік назарына ұсынылды. Қонақтар заманауи мегаполистің өзіндік сәулет өнеріне жоғары баға берді. 

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы