386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әулиеата жерінде жыл соңына дейін 1753 отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі

  • 502
  • UPD: 15:23, 17.12.2018

Жамбыл облысында Тәуелсіздік алғалы бері 5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Соңғы 27 жыл ішінде елімізбен бірге өңірдің де әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Мәселен, 1991-2002 жылдар аралығында жылына небәрі 89 мың шаршы метр баспана берілсе, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 450 мың шаршы метрден асып отыр.

Еліміз егемендік алып, тәуелсіз ел болғаннан кейін аяққа тұрып кету оңай шаруа болған жоқ. Жан-жақпен қалыптасқан бұрынғы байланыс үзіліп, экономика әлсіреп титықтап тұрған уақыт.

Сол кезеңдерде өзге салалар сияқты құрылыс та тұралады. Анатолий Овсянников – 40 жыл бойы осы салада еңбек етіп, қазір Таразда тұрған ғимараттардың жартысынан көбін салуға атсалысқан адам. Ардагер құрылысшы 90-жылдардағы қиын кезеңдерді былай деп еске алады.

Анатолий Овсянников, ардагер құрылысшы:

- Барлығы тоқтады. Ол уақытта құрылыс материалдары тапшы. Қаражат жетпейді. Бюджетке түскен қаржы өзге де маңызды салаларға жұмсалып жатты. Тұрғын үй мүлдем салынбады деуге болады ол уақытта. Тек  құрылысы бұрынырақ басталған кейбір үйлерді салып бітірдік. Қазір құрылыс саласы дамыған. Барлығы жеткілікті. Құрылыс материалдары толып тұр. Салынып жатқан мөлтек аудандардың көлемін ол кезеңмен салыстыруға келмейді.

Өңірде құрылыс жұмыстары тек 2000 жылдардан кейін қарқын ала бастады. Әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері әзірленіп, жағдай жасалды. Мемлекеттік бағдарламалар іске қосылып, тұрғын үй құрылысы қайта жанданды.

Айта кету керек, 2005 жылдары аймақта 95 адам ғана баспана кезегінде тұрған. Ал бүгінгі күні бұл тізімде 23 мыңға жуық адам тіркелген.

Жайықбай Шалдаров, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

- 1991-2002 жылдары аралығында пайдалануға берілген тұрғын үй көлемдері жылына орташа есеппен 89 мың шаршы метрден аспаған. 2003 жылдан бері бұл көрсеткіштерде өсім байқалды. Ағымдағы жылы 11 айдың қорытындысымен 474 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға артық.

Өңірде тұрғын үй құрылысына әсіресе «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «7-20-25» мемлекеттік  бағдарламалары серпін беріп отыр. Мәселен, биыл Таразда «Нұрлы жер» жобасымен 880 пәтерлі 11 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы ана Айсәуле Бижанова да бар. 8 баланың анасы ұзақ жылдан бері жатақханада тұрып келген. Бұл отбасының кезегі келіп, мерекемен қатар қоныс тойын да тойлап жатыр.

Айсәуле Бижанова, көпбалалы ана:

- 9 жыл болды осы үйді армандап, күткенімізге. Міне, Құдайға шүкір мереке қарсаңында үш бөлмелі үйлі болып жатырмын. Рақмет! Балаларымның қуанышында шек жоқ. Өзімнің қуанышымда шек жоқ. Әр баламның өз бөлмесі бар дегендей.

Жалпы, биыл бюджет есебінен 1753 отбасын пәтермен қамту жоспарланған. Осы бағытта 800 пәтерлі 10 несиелік, 953 пәтерлі 13 арендалық үй құрылысы жүргізілді. Оның 20-сының құрылысы аяқталып, Тәуелсіздік мерекесінде пайдалануға тапсырылып отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы