Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 137
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 74
384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда салықтық рақымшылық науқаны қашан басталады?

  • 728
  • UPD: 20:37, 17.12.2018

Еліміздің бизнес қауымдастығы алдағы салық амнистиясын асыға күтіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы Елбасы Жолдауында бизнес субъектілеріне салынған айыппұлдар мен өсімдерді есептен шығару туралы тапсырма берген болатын. Мамандар «салықтық рақымшылық – кәсіпкерлік үшін үлкен мүмкіндік» дейді. Айтулы науқан қашан басталады, оған қандай кәсіпкерлік нысандары ілігеді?

Қызылорда обылсындағы өркендеп келе жатқан сервистік компанияларының бірі осыдан екі жыл бұрын жосықсыз тексеру кесірінен шығынға белшеден батқан. Оның тоқтаусыз өсіп жатқан айыппұлы 240 миллион теңгеден асты. Алайда кәсіпорын алдағы салықтық рақымшылыққа үлкен үміт артады.

Сақтаған Нұрмаханов, серіктестіктің оңалтушы басқарушысы:

- Сол көмекті әрине, күтеміз. Жалақыны көтеруге де, біздің жұмысшыларға бұл үлкен өзінің септігін тигізетін еді. Осындай қордаланған айыппұлдарымыз бен есеппұлдарымызды есептен шығару жөнінде Үкімет жұмыс істейтін болса, бізге бірден бір үлкен көмек болатын еді.

Бүгінде Қызылорда облысында салықтық берешегі бар 1800 шағын және орта бизнес субъектісі бар. «Олардың қарызы екі миллиард теңгеден асады», - дейді мамандар.

Серік Мұстафаев, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:

- Жалпы салық рақымшылығы нені көздейді? Бұл – шағын және орта бизнестердің белгілі бір мөлшердегі сомасын босата отырып, олардың жалпы дамуына жағдай жасалады. Яғни, былай айтқанда салықты әрі қарай жүргізуге, жаңа кәсіп түрін ашуына, жаңа идеялар мен бастамаларын жүргізуге жағдай жасалады. Жалпы Жолдаудың түпкі мақсаты - елдің тұрмысын, әлеуметтік әл-ауқатын көтеру.

Ал Ақмола облысында 2805 салық төлеуші рақымшылыққа ілігеді. Есептен алынып тасталатын айыппұл мен өсімпұлдың жалпы көлемі 1 миллиард 600 мың теңге шамасында. Соның өзінде облыс қазынасына түсуі тиіс негізгі қарыз 3 миллиард теңге.

Ақмарал Мейірманова, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:

- Ірі салық төлеушілер мен акцизделетін өнімдерді өндірушілерге рақымшылық жасалмайды. Айыппұлдарды есептен шығару, сондай-ақ оңалту және банкроттық туралы заңнамаға сәйкес салық төлеу мерзімін кейінге қалдырған немесе оңалту рәсімінде тұрған салық төлеушілерге қолданылады.

Ғылыми-экономикалық сараптама және зерттеулер орталығының ақпараты бойынша бүгінде Қазақстанда салық бойынша берешегі бар 60 мыңнан астам шағын, орта бизнес субъектісі бар. Борыштың жалпы сомасы шамамен 155 млрд теңге. Оның 80,3 миллиарды негізгі қарыз, қалғаны өсімпұл.

Айта кету керек, салықтық рақымшылық 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы