389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да апатты мектептер мәселесі шешімін тауып келеді

  • 898
  • UPD: 01:46, 18.12.2018

Батыс Қазақстан облысында орта мектептердегі орын тапшылығы мәселесі түбегейлі шешімін табар күн алыс емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі таңда облыс орталығында 3 ауысымда білім беретін 5 білім ошағы бар. Апатты деп танылған нысандардың орнына жаңа ғимараттар бой көтермек. Бүгінде ауылдық жерде салынатын 2 мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайын.

№10 орта мектеп осыдан он жыл бұрын ашылған еді. Сол уақыттан бері Зачаган шағынауданы да дәл едәуір ұлғайды. Бастапқыда жеке тұрғын үйлер салынса, кейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпқабатты үйлер бой көтерді. Ал 1200 оқушыға есептелген білім ордасы қазір үш ауысымды мектептердің қатарында.

Сәуле Айтқалиева, №10 жалпы білім беретін мектеп директорының орынбасары:

- Мектебіміз 1200 балаға есептелген, бүгінгі таңда 3600 бала оқып жатыр. Бірақ та бұл жақта бала санының көбеюі осы шағынауданда халықтың көшіп келуі, жаңа үйлердің бой көтеруі осы мектепте бала санының өсуіне әсер етіп отыр. Бірақ балалардың білім алуына барлық жағдайды жасап, амалын тауып, мүмкіндікті жасап білім беріп жатырмыз.

Нариман Тәменов, қала тұрғыны:

- Осы мектепте балаларымыз оқиды, ата-аналардан ешқандай шағым жоқ, мұғалімдерге біз ата аналар рахметімізді айтамыз. Білімін, тәрбиесін ұстаздар беріп жатыр. Шағынаудан өсіп жатыр, тағы да мектептер керек-ау осы.

Айта кету керек, үш ауысымда білім беруге мәжбүр 5 мектептің төртеуі қаланың дәл осы аумағында орналасқан. Жүктемені жеңілдетудің бірден бір жолы жаңа мектептер болмақ.  Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көршілес Сарытау шағынауданында 900 орындық жаңа білім ошағы есігін айқара ашты.

Бақытгүл Қайырқұл, №50 жалпы білім беретін мектеп директорының орынбасары:

- Біз білеміз, көрші шағынауданда №10 мектепте балалар 3 ауысымда білім алып жатқанын. Біздің мектеп мың шақты балаға есептелген, сол мектептен  балалар осында №50 мектепке оқығалы жатыр. Яғни, біз осылай етіп шешімін табамыз деген ойдамыз.

Таяу жылдарда апатты деп танылған мектептер мәселесі де оң шешімін таппақ.

Шолпан Қадырова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Қазталов ауданындағы Алма Оразбаева атындағы мектеп 600 орындыққа жобасы жасақталуда. Және Ақжайық ауданындағы Абай атындағы гимназиясының ғимараты және қасындағы 100 орындық жатақханасы болатын мектептің жобалық сметалық құжаттамалары жасақталып жатыр. Әрине, бұл мектептердің құрылысы 2019 жылы басталуы керек, нәтижесінде осы 2 ауданның оқушылары жаңа үлгідегі заманауи мектептерін алады.

Ал Қазталов ауданындағы жас өнерпаздар тәуелсіздік мейрамын су жаңа ғимаратта қарсы алады. Таяуда ғана ашылған саз мектебі хореография және концерт залдарымен қамтылыпты. Аймақ бюджетінен жаңа мектеп құрылысына 100 миллион теңге көлемінде қаржы бағытталған.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы