383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сирия мен Ирактан елге әкелінген балаларды бейімдеуге қанша уақыт керек?

  • 600
  • UPD: 22:17, 19.12.2018

Соңғы жылдары елімізге Сирия мен Ирактан 39 қазақстандық отбасы әкелінген. Ішінде 91 бала бар. Кейбірі тіпті қазақ тілін білмейді. Әріп те танымайды. Қантөгіс көріп келгендер енді біздің қоғамға қалай сіңіседі? Атыс-шабыстың куәсі болғандарды бейімдеу үшін қанша уақыт керек? 

Бейбіт ел еді. Бар бүлік 2011 жылдың наурызында басталды. Әлгі бүлік ушығып, соғысқа ұласты. Қантөгіс күні бүгінге дейін басылған жоқ. 8 жылда 400 мың бейбіт тұрғын опат болып, 10 миллион сириялық елден бозып кетті. Дін жолында «джиһад» жасап, «шаһид» болам дегендер Сирияға ағылды, милары уланып. Барып террорлық топтардың құрығына түсті. Арасында мыңдаған қазақстандық бар. Енді оларды елге қайтару өзекті шаруаға айналды бүгінде. Соңғы 2 жылда 39 қазақстандық отбасы Отанға әкелінген. Арасында 91 бала бар. 50-і мектеп жасында. 41-і 3 пен 5 жас аралығындағы бүлдіршін. Қазақстанға келген соң бәрі бірден балабақша яки мектепке бара салмайды, белгілі. Арнайы орталықтарда оқытылып, біздің қоғамға бейімделеді. Сондай орталықтардың бірі елордада орналасқан. Соғыс көріп келген кейбір балалардың психологиясы да бұзылғанын жасырмайды мамандар. 

Айдана Ерікқызы, «Шанс» кәмелетке толмағандарға әлеуметтік-құқықтық психологиялық көмек көрсету орталығының директоры:

- Мысалы біреуін айтатын болсақ, онда пссихологиялық ауытқу бар. Жаңағыдай үлкен, қатты дауыстардан қорқып кетеді. Біз сол балаға мысалы психологиялық көмек көрсетудеміз.  

Ержан Ерсайынов, ҚР БҒМ балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

- Тағы 3 орталық ашайық деп отырмыз. Келесі жылдан бастап Алматы, Жамбыл облысында үшіншісін жылдың аяғында шешеміз. Мектеп жасындағы балалар Сирия мен Иракта туған немесе 1-2 жасында әке-шешелері сол жаққа әкеткен. Олар араб тілінде оқыған. Кейбірі мүлдем білім алмаған. Оларға қосалқы білім беру жүргізіліп жатыр.

Қосалқы білім берілген соң, Сирия, Ирактан келгендер жалпы білім беретін мектептерге қабылданады. Бірақ, кейбір жеткіншіктер өздерінен кіші балалармен оқуға мәжбүр. Айталық 18 жастағылары, 15 жасар жасөспірімдермен бір сыныпта білім алып келеді. Себебі, көбі соғыс аймақтарында оқудан қалып қойған. Бір анығы, мұндай балалардан төнетін қатер жоқ. Себебі, олардың миы әбден тазартылады. Ал Таяу Шығыстан алдағы уақытта елге жеткізілетін 15 жастан асқан бозбалалар қауіпті болуы мүмкін.

Мұны мамандар да жоққа шығармайды.

- Не исключено следующим при возвращении уже будут возвращаться более взрослые дети например от 15-ти и старше. Тогда конечно среди них будут радикальные и который участвовали в боевой учебной подготовке.

Дегенмен, олардың бәрі медициналық тексерістен өтеді. Барлығымен мамандар жұмыс істейді. Қатаң бақылауда болады. Елге келгендерінің жайы осы. Ал келмей қалғандары шетте не күн көріп жүр? «Жұмақ» емес, ақиқат. Себебі бірталай отандасымыз Сирияда тұтқында отыр деген дерек бар. 

Бауыржан Бәкіров, ҚР Қоғамдық даму министрлігінің басқарма басшысы:

- Қазақстандықтардың басым көпшілігі тұтқын ретінде ұсталып отыр. Оларды жібермейді. Ата-аналардың айтуынша, балалар күрдтер мен ТГИЛ-дегілердің тұтқынында. Қашып кетпеулері үшін оларға өлім жазалары көрсетіледі. «Егер қашуға талпынамыз десеңдер, сендерді де дарға асып атамыз» деп қорқытатын көрінеді. 

Сирия мен Иракта жүргендерді елге қайтару да оңай емес. Соғыс болған соң ұшақпен әкелу қауіпті. Соққы жасалуы мүмкін. Бір проблема осы. Екінші мәселе соғыс көріп келген радикалды көзқарастағы адамдармен жұмыс істейтін теологтар аз бізде. Қажетті кадрларды даярлау үшін 2-3 жыл уақыт керек. Мұның бәрі бүгін елордада өткен семинарда мәлім болды. Жиында айтылғандай соғыс көріп келген ересектермен жұмыс істеу үшін жаңа әдіс әзірленген. Жаңа жылдан бастап теологтар тың бағдарлама бойынша қайта оқытылмақ.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Азамат Саметов, Әлібек Әлиев

Хабар 24 телеарнасы