385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанды газбен қамту мәселесі алдағы үш жылда шешіледі

  • 444
  • UPD: 23:10, 21.12.2018

Әзірге қаладағы ғимараттардың 26 проценті ғана табиғи газ желісіне қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Дегенмен алдағы айларда «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры желісінің құрылысы аяқталып, бірден 20 нысанға көгілді отын беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет басшысының орынбасары Асқар Маминнің облысқа жасаған жұмыс сапары барысында мәлім болды.

Түркістан қаласы маңындағы көпқабатты үйлердің пайда болғанына екі айдан аса уақыт болды. Ал келесі көктемнен бастап мұнда ірі мөлтек ауданның құрылысы басталады. Қазір мердігерлер 1500 мәтерлік 26 тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Алғашқы 11 көпқабатты үй сәуір айында қолданысқа беріледі. Қалғаны қараша айына жоспарланып отыр. Тұрғындар пәтерді «7-20-25» мемлекеттік бағдараламасы арқылы алады.

Жансейт Туймебаев, облыс әкімі: 

- 1200 пәтерлік 20 жалдамалы тұрғын үй және несиеге берілетін 336 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс аяқталады. Бұл үйлерге барлық коммуникация тартылады. Жылу, сумен қамту, телефон желісін тарту, кәріз жүйесімен қосқанда жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды.

Тұрғын үй құрылысын көптеп салу жергілікті атқарушы биліктің басты міндеті, сонымен қала халқының саны өскен сайын әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту да жіті назарда тұр. Қазір Түркістанда 35 мектеп бар, оның екеуі үш ауысыммен жұмыс істейді. Мұғалімдердің жүгін жеңілдету, балаларды қолайсыздықтан арылту мақсатында қазір 900 орындық мектептің құрылысы басталды. Ал қаланың басты символы саналатын Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың күмбезін жаңғырту негізгі құрылыс жұмыстарының бірі болмақ. Қазір ЮНЕСКО-ның келісімімен қалпына келтіру жобасы дайын тұр.  

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Алдағы уақыттары мавзолейдің негізгі бөлімдері мен қазандықты қалпына келтіреміз. Ашық түс және жарық болуы үшін жарықтандыру және желдеткіш жүйесі толық қайта жабдықталады. Сол кезеңдегі ұлттық ерекшеліктерге тән қазақ хандары ресми қабылдау өткізген залды да қалпына келтіреміз.   

Көне қалашық Күлтөбенің орны да қайта қалпына келтіріледі. Бұл қазіргі Түркістан қаласының маңынан табылған алғашқы қалашық, тарихи мекен.   

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары: 

- Сіздер жаңа облыс орталығына қалыптастыруға үлкен үлес қосып, өздеріңіздің бастамаларыңызбен тарих жадында қаласыздар. Мен сіздер Мемлекет басшысы алға қойған тапсырманы мүлтіксіз орындап шығатындарыңызға сенімдімін. 

Түркістанда әзірге көпшілік бос уақытын өткізуге арналған көңіл көтеру, демалыс орталықтары жоқ деуге болады. Осы мақсатта үлкен бассейн, стадион және кітапхана құрылысы жүргізілмек. Бұл ғимараттарды салу мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүзеге асырылады.         

Авторлары: Бекен Әлирахым, Рауль Ғабитов, Ерболат Абишов

Хабар 24 телеарнасы