389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Есірткі тасымалдаушыларға қорған болған 55 полиция қызметкері ұсталған

  • 792
  • UPD: 23:09, 21.12.2018

Полиция қызметкерлерінің арасында есірткі тасымалдаушыларға қорған болып, тіпті, тыйым салынған заттарды тұтынатындары да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы үш жылда осындай 55 дерек тіркелген. Бас прокурор Қайрат Қожамжаров құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің отырысында осындай мәлімет жариялады. Сондай-ақ ол жуырда жүргізілген прокурорлық тексерістің нәтижесіне тоқталды. Мәселен, есірткі қылмысына қатысты қозғалған 1500 қылмыстық іс заңсыз тоқтатылған. Елімізде есірткіге тәуелді азаматтар азамай тұр. Олардың жеке емдеу орталықтарына жүгінетіндері тіркеуге алынбайтын көрінеді. Есірткі сатушыларды анықтау жұмыстары былтыр 15, ал биыл 30 процентке төмендеген. 

Қайрат Қожамжаров, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры:

- Синтетикалық есірткі заттары елімізде жаппай таралып жатыр. Әсіресе интернет-сайттар арқылы емін-еркін сатылады. Бұл жаман әдетке көбіне жастар – жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, мектеп оқушылары үйір келеді. Әлеуметтік желілерден есірткінің түбі неге апаратынын көріп жүрміз. Сондықтан есірткі айналымын тоқтату бойынша үгіт-насихат жұмыстары профилактикалық шаралар мен оқу бағдарламаларында үнемі көрініс табуы тиіс. Бұл мәселенің өзектілігі Мемлекет басшысы жариялаған Жастар жылында одан әрі арта түседі.

Жиын барысында Бас прокурор есірткі сатушыларды анықтауға арналған жұмыстарды күшейту керек екенін атап өтті. Сондай-ақ есірткі бизнесімен күресетін құрылымдардың қызметін бағалау жүйесін қайта қарауды ұсынды. «Шекара және кедендік бақылау мекемелері тыйым салынған заттардың тарауына тосқауыл болуы тиіс», – деді Қайрат Қожамжаров. 

Хабар 24 телеарнасы