384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытай компаниясынан шам сатып алудан айнып қалған әкімдік шығынды өтемей отыр

  • 891
  • UPD: 18:32, 25.12.2018

Ақтау әкімдігі мен қытайлық шам шығаратын компания арасында жік шықты. Жергілікті атқамінерлер инвесторларға жүздеген миллионның тауарына тапсырыс беріп, кейін келісімнен айнып қалған. Ортақ мәмілеге келе алмаған соң тараптар бір-бірін сотқа да берді. Бірақ Маңғыстау облыстық мамандандырылған экономикалық соты әкімдіктегілердің әрекетін заңсыз деп тапты. Алайда жергілікті билік шығынды өтеуге асығар емес. Шетелдік инвестордың адвокаты осылай деп отыр. 

Даудың басы осы жарқырап тұрған диодты шамнан басталды. Қытайлық компания пилоттық жоба ретінде Ақтаудағы 14-ықшам ауданға 81 шам орнатқан. Жергілікті билік осылайша энергияны  92 пайызға үнемдеуге болатынына көз жеткізеді. Көп кешікпей бүкіл Ақтаудағы жарықты ауыстыруға кіріседі. Инвестордың сөзіне сенсек, пилоттық жобаны  Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың өзі мақұлдапты.  Жаңа шамдардың бейнебақылау, радар, wi-fi, көлік пен ұялы телефонды зарядтау сынды 14 түрлі қосымша қызметі бар. Осыған қызыққан «Ақтау электр желілері басқармасы» қытайлық компаниямен келісімге отырады. Шетелдік инвесторлар шаһарға 7 мың 239 шам орнатуы тиіс еді. Компания Ақтауға алдымен 2 мың шам әкелген. Бірақ тауар  жеткізілген бойда әкімдік тапсырыстан бас тартып, қытайлық инвесторды сотқа береді.

Владимир Костырев, инвестордың адвокаты:

- Ақтау қаласы әкімдігінің инвестормен арадағы мемлекеттік сатып алу туралы келісімді бұзуға қатысты арызын заңсыз деп тапты. Бірақ шенеуніктер әлі тауардың ақшасын төлемеді. Негізі әкімдіктегілер Қытайға барып, зауытты өз көздерімен көрді. Содан кейін екі жақ меморандумға қол қойды. Ал тауар Ақтауға жеткен кезде тапсырыстан бас тартты. Елбасының өзі «сырттан инвестор тартыңдар» деп жатқанда, шенеуніктердің бұл қылығын түсінбей отырмыз.

Ақтауға жеткізілген диодты шамдар қазір қалада тұр. Шетелдік компания өкілдері 500 миллион теңге шығынға батқандарын айтады. Соттың шешімі бойынша әкімдік қаржыны толық өтеуі тиіс. Бірақ атқамінерлердің бұған өз айтары бар.

Жангелді Әубәкіров, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары:

- Бұл келісімді біз қаланы жарық диодты шамдармен жабдықтау үшін жасаған едік. Қытай инвесторлары 25 шілдеге дейін тапсырысты толық орындауы қажет болатын. Алайда олардың өз міндеттемелерін орындап үлгермейтінін білген соң 2 тамыз күні тиісті хат жолдап, келісім-шартты бұзуға шақырдық. Бірақ қарсы тарап келіспеді. Сөйтіп, кешіктірілген тауардың бізге керегі болмай қалды. 

Осылайша әкімдік өкілдері шам жеткізуші компания тапсырысты дер кезінде орындамағанын айтады. Сондықтан келісімшартты бұзуға мәжбүр болыпты. Енді ақтаулық атқамінерлер мен қытай компаниясы арасындағы дау алдағы уақытта да жалғасатын сыңайлы. Себебі әкімдік сотқа қайта шағымданған.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Назерке Әбдірахманқызы

Хабар 24 телеарнасы