388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің аймақтарында күшейген аяз жұртты әбігерге салды

  • 880
  • UPD: 21:06, 25.12.2018

Қазақстанның көптеген аймақтарында аяз күшейіп, әбігер тудырды. Орталық пен солтүстікте ауа температурасы өткен түнде 40 градустан асып жығылған. 

Ертіс өңірінде қыс қаһарына мінді. Павлодарда түнде сынап бағаны -36, ал Ақтоғай және Тереңкөл ауданы мен Красноармейка ауылында -38 градусқа дейін жеткен. Аязға байланысты жоғарғы сыныптан басқа оқушылардың барлығы сабақтан босатылды. Ал, кеше кештен бері жолаушылар тасымалдайтын және дизель отынымен жүретін автокөліктер үшін жолда уақытша шектеу қойылды. Өңірде қазір жолда қалғандарды құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Өткен тәулікте 80-ге жуық жолаушыға көмек көрсетілген. Бірақ, үсік шалып, медициналық жәрдемге мұқтаж болғандар жоқ. 

Галина Шпак, «Қазгидромет» РМК облыс бойынша филиалының бөлім жетекшісі:

- Осындай ауа райы алдағы тәулікте де сақталады. Бұл, қалыпты орташа мөлшерден 8-10 градусқа төмен. Температура  33-38 болып қала береді. Тек желтоқсанның 27 –не қарай сынап бағанасы біртіндеп көтеріле бастайды. Түнде 25-30, күндіз  15, кей жерлерде 20-25 градус 0-ден төмен болады. 

Сергей Чернов, облыстық ТЖД бөлім басшысы:

- Успен ауданында 54 адам қауіпсіз жерге жеткізілді. Олардың біреуі жас бала. Барлығы Тәжікстан елінің азаматтары. Жолаушылар ыстық тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етілді. Таңертеңгі сағат 8-де өздерінің бағыты  бойынша жолға шығып кетті.

Қарағанды облысының кей жерлерінде өткен түнде үскірік жел тұрып, ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендеген. Салдарынан мектептерде 9-сыныпқа дейін сабақ тоқтатылды. Сондай-ақ Қарағанды-Павлодар бағытындағы жол да жабылды. 

Жолдарға әсіресе Қостанай облысында көп шектеу қойылған. Бұған да ауа райының бұзылуы себеп. Бүгін мәселен, облыстық маңызға ие 6 жол аумағындағы қозғалыс шектетілді. Ал дизельді отынмен жүретін жүк және жолаушылар көліктері үшін республикалық маңызы бар «Мамлютка-Қостанай», «Екатеринбург-Алматы», «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» бағытында қатынауға уақытша тыйым салынған. 

Жамбыл облысында да жағдай мәз емес. Көктайғақтың салдарынан Тараз қаласынан 60 шақырым жердегі Ақыртөбе елді мекенінің тұсында жүк көлігі аударылды. Ол тайғанап барып, жолдан шығып кеткен. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Аударылған жүк көлігі Ресей мен Бішкек арасында тауар тасып жүрген. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. 

Бүгін еліміздің шығысында да үскірік аязға байланысты мектептер мен колледждерде сабақ тоқтатылды. Әсіресе, Шемонаиха ауданында күн қатты суытып тұр. Мұнда -32 градус. Сондықтан 1-ауысымда 9 сыныпқа дейін сабақ болмады. Ал Семей мен Курчатовта мектеп оқушылары толықтай, колледждердің 1 және 2-курс студенттері сабақтан босатылды. Сондай-ақ Риддер, Зырян, Аягөз және Жарма аудандарында да оқушылар демалды. 

Дамир Берікұлы, damir130788@twitter.com:

- Ақмола облысында да осындай жағдай. Аяздың салдарынан мектептерде сабақ кейінге шегеріліп, жолдарда жолаушылар көліктері үшін шектеу қойылды. Ауа температурасы күндіздің өзінде 30-ға таяп тұр. Мәселен, біз бүгін ормандардағы заңсыз шырша кесу дерегін түсіру үшін қалың киініп, жолға жиналғанбыз. Алайда аяздан қорқып, сапарымызды кейінге қалдырдық. Синоптиктердің айтуынша, аяздың беті тек 27 желтоқсан күні қайта бастайды. Сондықтан әлі де абай болыңыздар. 

Авторы: Дамир Берікұлы

Хабар 24 телеарнасы