389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет отырысында сала басшылары тарифтердің қалай төмендейтінін баяндады

  • 516
  • UPD: 09:21, 27.12.2018

Келер жылдан бастап барлық өңірде коммуналдық қызметтер арзандайды. Жылу, жарық, су, газбен жабдықтау, бәрі бар. Үкімет отырысында сала басшылары бірінен соң бірі мінберге шығып, тарифті қалай төмендететіндерін баяндады. Қолға алған бастамалары оңтайлы орындалса, ел бойынша 28 млрд теңге үнемделуі тиіс.

Келер жыл қазақстандықтар үшін жағымды жаңалығымен басталмақ. Сәтін салса, мемлекет басшысы қойған тапсырмалар жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап іске асады. Яғни жарық, жылу, газ, су, көмір арзандайды. Президент тарифті төмендетуді тапсырғалы министрлер кабинеті тиісті жұмыстарды қолға алғанды. Жұмыстың атқарылу барысы бүгін Үкімет отырысында талқыға түсті.

Сонымен бүгінге дейін 3 өңірде жылуға арналған тарифтер төмендеді. Олардың қатарында Ақмола Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облысы бар. Қалған өңірлер алдағы айға қам жасап жатыр. Ал Ұлттық экономика министрі газбен жабдықтау бойынша Атырау мен Қызылорда облыстарында газдың бағасы төмендемейтінін жеткізді. Себебі мұнайлы аймақта отын бағасы онсыз да төмен, ал сыр өңірінде инвестициялық бағдарламалар орындалғандықтан тарифтерді төмендетуге резерв жоқ.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Газбен жабдықтау саласында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 11 газ өткізілген өңірден газға арналған баға 9 өңірде төмендету күтіледі.  Осылайша, болжамдық төмендеу Маңғыстау облысында 3,3%-дан Алматы облысында 17,5% дейін  болады.  Нәтижесінде халықтың газбен жабдықтауға қаражатын үнемдеу шамамен 5 млрд.теңгені құрайды.

Министрдің уәжі Үкімет басшысына ұнамады. Бақытжан Сағынтаев Президент пәрмені талқыланбайтынын, ал тұрғындар істің нәтижесін күтетінін ескертті. Ал Энергетика министрі елімізде алғаш рет электр қуатының орталықтандырылған сауда-саттығы өткізілгенін атап өтті. Нәтижесінде құн шекті деңгейден 9%-ға дейін төмендеген.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Шекті көтерме сауда бағасын төмендету 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, электр энергиясын өндіретін отын-энергетикалық кешендері үшін тауарлық газдың түпкілікті бағасын өңірге байланысты 12-ден 23 %-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Қыстың көзі қырауда тұрғындар жылусыз қалмауы керек. Қазір солтүстік, орталық, шығыс өңірлерді аяз қысып тұр. Сондықтан жылу стансалары толық қуатынды жұмыс істеп тұр. Қанат Бозымбаев электр стансаларында 4 млн тонна көмір және 112 мың тонна мазут барын айтып, қордың жеткілікті екенін жеткізді. Ал Инвестициялар және даму министрі жылыту маусымы аяқталғанша сұранысы жоғары көмірдің бағасы арзандағанын айтты.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Мысалы, Алматы облысында барлық 31 меморандумға қол қойылды. Шұбаркөлдің көмірі 3 100 теңгеге немесе 21 процентке төмендеді. Қаражыра көмірі 1 000 теңгеге немесе 6 процентке арзандады. Қостанай облысында барлық меморандумға қол қойлыды.  Шұбаркөлдің көмірі 2 950 теңгеге немесе 20 процентке төмендеді. Астанада Шұбаркөлдікі 3 000 теңгеге төмендеді.

Отырыста көтерілген мәселер алда тағы бір пысықталады. Өйткені, министрлер кабинеті 29 желтоқсанда қайта бас қосып, шешімін таппаған мәселелерді реттеуі тиіс. Әсіресе тарифті төмендету бойынша тапсырманы оңтайландыра алмаған әкімдердің жауап беруіне тура келеді.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Ғани Алшымбаев, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы