389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Африкадағы қазақша бизнес» фильмі жарыққа шықты

  • 1638
  • UPD: 21:23, 26.12.2018

Отандық кино қоржын тағы бір жаңа туындымен толықты. Бұл жолы комедия жанрындағы « Африкадағы қазақша бизнес» фильмі көрермендерге жол тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Продюсер Нұрлан Қоянбаев пен режиссер Анвар Матжанов түсірген фильмнің алғашқы көрсетілімі Алматыда өтті.

Бұл фильм бұған дейінгі «Қазақша бизнестің» жалғасы іспеттес. Аты айтып тұрғандай, бұл жолы негізгі түсіру кезеңі  Біріккен Араб Әмірліктері мен Африка құрлығында өткен. Ал актерлер құрамында және кино мазмұнында үлкен өзгеріс жоқ. Фильм продюсері Нұрлан Қоянбаев көрермендерді күлкіге кенелтіп, алғысын алу үшін аянып қалмадық дейді.

Нұрлан Қоянбаев, фильм продюсері:

- Қырғызстан болсын, Өзбекстан болсын, Ресейде болсын түсіру қиын. Өйткені басқа ел ғой. Ал Африка жалпы басқа құрлық. Менталитеті бөлек және тіл жағынан бізде ерекшелігіміз өте көп. Соған қарамастан, біз тырыстық. Көрермен үшін бір ерекше бір дүние түсірейік деп. Осы Африка еліндегі продакшн компанияға алғысымды білдіргім келеді. Өйткені ол кісілер кәсіби түрде өте жақсы деңгейде көмектесті.

Фильмнің жалпы тұжырымдамасы - көрермендерді күлдіре отырып, туыстық қарым-қатынас арқылы көпшілікті бірлікке бауырмалдыққа  шақыру. Кения мемлекетінің астанасы Найроби қаласындағы түсіру алаңында актерлер көптеген қызықтардың және қиындықтардың болғанын айтады.

Қажет Смағұл, Бақдәулет рөлінде:

- Ең бастысы, жалпы Африкаға барып «ыстық болады-ау» деп кәдімгідей жеңіл киімдер киіп алып барған едік. Сөйтсек, тамыз айы ол жақта қыс екен. Кәдімгідей суық болып, тоңғанымыз ең қызығы сол болды. Африкаға барып тоңғанымыз қызық болды бәрінен де.

«Kinopark 11 Imax Esentai» кинотеатрында өткен фильмнің алғашқы көрсетілуіне көптеген өнер адамдары келді. 27 желтоқсаннан бастап «Африкадағы қазақша бизнес » фильмі еліміздің барлық кинотетрларында көрсетіле бастайды.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы