383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Astana Hub 150 жобаға қолдау көрсетті

  • 670
  • UPD: 11:43, 28.12.2018

Астана хаб іске қосылғаннан бері 150-ден аса инновациялық жоба қолдау тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Стартаперлер ойлап тапқан өнерлерін іске асырып, нарыққа шығаруға мүмкіндік алды. Бүгінде жүзеге асқан жобалардың 22-сі табысқа кенеліп, дамудың жаңа сатысына шықты. Осылайша, бір жылдан аз уақыт жұмыс істеген IT-технопарк өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Онда іске асқан бірқатар инновациялық шешімдер туралы баяндайық.

Астана хабта іске асқан жобалардың бірі кәсіпкерлер үшін таптырмас құрал. Жас стартаперлер алаяқ кәсіпорын иелерін анықтайтын арнайы сайт ашты. Онда еліміздегі ірі кәсіпорындар мен шағын мекемелер жайында толық ақпарат жинақталған. Тұрғындар қандай да бір компаниямен келісімге отырмас бұрын осы порталға кіріп, серіктесі жайында қажетті мағлұматты біле алады. Ол үшін 500 теңге төлеп, небәрі 3 минуттың ішінде қарап шығасыз. Сайт биыл сәуір айында іске қосылды. Қазірдің өзінде 30 млн теңгеден аса табыс тапқан.

Айғаным Игебаева, жоба менеджері:

- Сіздер сайттан компания құрылтайшысының басқа да мекемелері болса, сол жайында біле аласыз. Мүмкін олардың қарызы бар шығар. Жалпы кәсіпорынның табысы қанша, ол жөнінде де барлық мағлұмат жинақталған. Мүмкін сіз қарап отырған компания басшысы бұрын тоқырауға ұшыраған мекемені басқарған болар? Осы сынды маңызды ақпарлардың барлығы біздің сайтта сақталған.

Ал Арман Ерназаров қызметкерлердің жұмыс уақытын есептейтін жобаны жасаған. Ол үшін жұмысқа келген бойда арнайы қондырғыға саусақ ізін қалдырып, ғимараттың ішіне кіру керек. Шыққан кезде қайта басып өтесіз. Осындай бір құрылғы үшін жұмыс беруші ай сайын 17 мың теңге төлейді. Ал келер жылдан бастап мамандар адамды бет әлпеті арқылы анықтайтын құрылғы жасамақ.

Арман Ерназаров, жоба жетекшісі:

- Бұған ұқсас жобалар әлемде бар. Бірақ біздің сенсордың артықшылығы - оны орнату оңай әрі бағасы арзан. Сондықтан бізге тең келер бәсекелес жоқ. Қазірдің өзінде біздің 150-ден аса клиентіміз бар. Ал, серіктестер тауып, жобамызды дамытуға Астана хаб қол ұшын беріп келеді.

Ал бұл жоба, әсіресе, елордалық көлік жүргізушілері үшін қолайлы. Оның көмегімен қақаған қыста жүргізушілер жанармай бекетіне барып, көліктен шықпастан төлем жасай алады. Бастысы - мобильді қосымшаны қалта телефонға жүктеу тегін.

Айдар Садыров, идея авторы:

- Жалпы біздің пайда көзі ол жанармай бекеттерінен комиссия ұстаймыз. Ол әртүрлі желінің үлкендігіне байланысты. Жалпы 1-4% дейін. Қазіргі таңда біз 4 қалада жұмыс істеп жатырмыз. Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларында 6 жанармай желісі.

Қазір Астана хабта 500-ден аса стартапер жұмыс істейді. Мұнда олар үшін қолайлы жағдай жасалған. Тегін кеңсе берілген. Тіпті қажет болса, білікті сала мамандарынан ақыл-кеңес сұрай алады. Әрі жобаларын нарыққа шығаруға мүмкіндік алады. Тек білек сыбана жұмыс істесе болғаны. Себебі алға қойған жоспар ауқымды. 2023 жылға дейін Астана хаб стартаперлердің жобаларын іске асыру үшін инвесторлардың есебінен 67 млрд теңге қаражат тартуды көздеп отыр.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы