389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды

  • 1463
  • UPD: 21:12, 28.12.2018

Жаңалық ауылында жазықсыз жапа шеккен жандардың есімдерін ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында мұражай ашылды. Бұл күні Алматы облысының Талғар ауданына қарасты бұл елді мекенге репрессия құрбандары мен Алаш арыстарының ұрпақтары жиналды. Музейдің құрылысына Алматы облысының әкімдігі 220 млн теңге қаржы бөлген.

Шараға жиналған қауым алдымен саяси-қуғын сүргін құрбандарына арнап қойылған ескеркіш алдында тағзым етті. Осы жерде жерленген 4 мыңнан астам жазықсыз жандардың рухына құран бағышталды. Нұршәкен Жүнісқызы Алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевтың ұрпағы. Мұражайға Тынышбаев туралы жазылған тың деректерге толы құжаттарды  тапсырды.

Нұршәкен қажы Жүнісқызы, М. Тынышбаевтың жиен немересі:

- Осы музейді ашуына өте көп еңбек еткен азаматтардың барлығына рахметімді айтамын. Жалғыз менің қуанышым емес бұл бүкіл осы бабаларымыз репрессияға ұшыраған барлық қазақтың, қазақ елі азаматтарының қуанышы деп білемін. Көп рахмет. Өркені өссін. 

Мұражай 3 залдан тұрады. Мұнда жазықсыз жазаланған 4125 адамның тегі мәрмәр тасқа қашалған.

Қайрат Кереев, құрылыс мекемесінің басшысы:

- Құрылыс мерзімі 11 ай болған бірақ біз қысқа мерзімде аяқтадық. Жалпы обьект 10 мың.шаршы метр жерді алып жатыр.

Амандық Баталов, облыс әкімі:

- Тағы экспонаттар көбейіп, мына ұрпақтары осы жерге әкеліп тапсырамыз десе біз мына жерден тағы қосымша бөлім салуға жағдай жасап қойғанбыз. 

Сталиндік лагерьлердегі тұтқындардың өмірі төрт диорамада көрсетілген. Алаш арыстары жөнінде аудио- және видеоматериалдар, құнды экспонаттар мен репрессия құрбандары туралы 9 томдық «Азалы кітабы» бар. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы