389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана әкімдігі 100 адамға 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификаттарын табыс етті

  • 1423
  • UPD: 22:12, 29.12.2018

Жаңа жыл қарсаңында елорданың 100 азаматына тұрғын үй сертификаты табысталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол үшін шаһар әкімдігі жергілікті бюджеттен 100 млн теңге бөлген. Бұл – олардың баспана алуына жасалған жәрдем. Сондай-ақ бірнеше жылдан бері үй кезегін күткен сексен отбасыға жаңа пәтердің кілті берілді.

1 миллион теңгеден 100 сертификат. Астана қаласының әкімдігі жаңа жыл қарсаңында 100 азаматқа ипотекаға қолжетімділікті арттыруға бағытталған қолдау көрсетті. Әлеуметтік көмек педагогтар, медициналық мекеме мамандары және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне берілді. Ал олардың тізімін әлеуметтік көмек көрсету ережесіне сүйене отырып, шаһар мәслихаты бекіткен.

Гүлмира Баязитова, №66 мектеп лицейінің мұғалімі:

– Үш жылдан бері жинап жатырмын. Мемлекеттің тарапынан көрсетілген көмекке көңілім толды. Жаңа жылдың алдында үлкен қолдау. Есепшотымдағы ақшама мемлекеттің бір миллион қолдауын қоссам, Астана қаласынан 3 бөлмелі пәтер ала аламын деп ойлаймын.

Берілген миллионды тұрғын үйден басқа мақсатқа жұмсау мүмкін емес. Тек несиеге баспана алу үшін алдын ала төлем қаржысы ретінде ғана пайдалана аласыз. Оны игеруге берілген уақыт та шектеулі. Небәрі үш ай. Сондықтан тұрғындар қысқа уақытта талапқа сай келетін үйді қайдан табамыз деп алаңдап отыр. Айтпақшы елорда әкімдігі берген көмектің бір ерешелігі, қаржыны уақытылы игерсеңіз болғаны. Яғни қаржы қайтарымсыз негізде.

Жансұлтан Матаев, ТҮҚЖБ Астана қаласы орталық филиалының директоры:

– Осы үш айдың ішінде сертификат алған кісілер пәтерлерін таңдап, құжаттармен несие алып, әрі қарай пәтерлі болу керек.

Ал аязға қарамай арқа-жарқа болып тұрған азаматтардың қуанышында шек жоқ. Өйткені олар көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Пәтер кілттерін шаһар басшысы Бақыт Сұлтановтың өзі келіп тапсырды. 80 пәтерлі үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған.

Жанар Көбешова, қала тұрғыны:

– Қуанышты күн. Өйткені көптен бері күткен баспанаға қолымыз жетіп жатыр. Шарт жалға беру арқылы 20 жылға, мысалы бес жыл ішінде үйде тұрып төлеу керек. Сосын сатып алуға болады. Біз өте қуаныштымыз.

Гүлвира Смадиярова, қала тұрғыны:

– Кезекте 12 жыл тұрдым. Енді жаңа жыл қарсаңында арман болған баспанаға ие болып жатырмын. Пәтерім екі бөлмелі. Ұлым екеуімз ұзақ күттік. Ақыры қол жеткіздік. Айына шамамен 56 мыңдай төлеймін. Пәтерді де осынша ақшаға жалдап отырғанбыз. Өте қуаныштымын.

Биыл елордада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 6 үй пайдалануға берілді. Онда шамамен мыңнан астам пәтер бар. Әкімдіктегілердің айтуынша, осынша баспана берілгенімен, кезекте тұрғандардың саны азаяр емес. Бүгінде пәтер тізімінде 45 мыңдай адам тұр.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа. Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы