386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында бидайдан сусын өндіретін ферма іске қосылды

  • 1179
  • UPD: 09:05, 30.12.2018

Павлодар  облысында көк шөптен тағам әзірлейтін жаңа өндіріс іске қосылды. «Жасыл ферма» деп аталған жылыжайда ас мәзіріне жарайтын кез келген өсімдікті өсіруге болады. Жүгері, күнбағыс, қызылша, сәбіз, бидайдың пісіп жетілгенін күтудің қажеті жоқ. Бір қызығы, ешқандай термоөңдеуден өтпеген өнім түрлері нарықта сұранысқа ие. Ал бидайдың жас өскіндерінен шырын алынады.

Қыс мезгілінде қияр мен қызанақ өсіретін жылыжайларға көзіміз әбден үйренген. Ал бидайды шикізат түрінде өсіріп, одан пайдалы сусын жасау технологиясы нарық үшін тың  жаңалық деуге болады.

ҚарлығашҚасиетова, twitter@kasietova:

- Бидайдың жас өскіндерінен алынатын шырынның адам ағзасына пайдасы зор екен. Оның құрамы түрлі дәрумендерге, минералдарға өте бай. Қазақстанда алғаш рет осы бағытта жұмыс істейтін жасыл фермада тамшылатып суару әдісі қолданылады.

Бидай дәні тез көктейді. Инновациялық технологияның арқасында топырақ пен тыңайтқыштар қолданылмайды. Тек су мен жарық қажетті мөлшерде болуы керек. Бір жүйектен айына 30 келі өнім жиналады. Бүгінде жасыл ферманың негізгі өнімі  бидай сабағынан жасалатын «витграсс» шырыны болып отыр.

Ренат Найман, технологтың көмекшісі:

- Бұл бидайды өсіру технологиясы өте қиын деп айта алмаймын. Бидайды 7 күн өсіреміз. Бірінші 6 сағат оны суда ұстаймыз, жылы суда. Бір тәулік тұрғаннан кейін тамыры жарылып шығады.

Бұл термоөңдеуден өтпеген   шикі өнім. Жасыл желек бүр жарып немесе көктеп шыға бастаған сәттен –ақ  ас мәзіріне пайдалана беруге болады. Бидайдың өскіндерінен  алынатын табиғи сусын адамның күш қуатын арттырады екен. 

Татьяна Ивакина,  «Жасыл ферма»  жобасының жетекшісі:

- Адамның іш құрылысын тазалауға арналған өнім. Азғада жиналып қалған зиянды заттарды шығарады. Буын, ұйқы безінің жұмысын жақсартады. Жалпы адамның иммунитетін көтеру үшін де  пайдалануға болады.

«Жасыл ферма» жобасы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы  жүзеге асып отыр. Тың бастаманың келешегі бар. Сондықтан қаржыландыру бойынша қиындықтар туындамапты.

Ануар Қалышбеков, Павлодар ауданы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры:

- Шығыны аз жоба. Өйткені ауа райына, белгілі бір маусымға тәуелді емес. Тек жаңа технологияға сүйенеді. Бұл жерде топырақ қолданылмайды.

Негізгі өнім бидаймен қатар фермада 25 түрлі өсімдік түрі өсіріледі. Олардың алды қаладағы мейрамханаларға сатыла бастаған. Келешекте жылыжай өнімдері ел нарығына  жол тартпақ.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат  Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы