389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ит туралы қызықты деректер

  • 2618
  • UPD: 13:00, 31.12.2018

Жылнама жылжып, тағы бір ит жылын артқа қалдырып барады.

Тарих қойнауына еніп бара жатқан ит жылы біреулерге сәттілік, бақыт, толғай табыс әкелсе, кейбір жандарға көңіл құлазытар жәйттермен есте қалуы мүмкін. Дегенмен адам баласының сенімді серігі, адал досы, жеті қазынаның бірі саналатын ит туралы түрлі қызықты деректер бар.

Ит иесіз қалған үйді күзетіп, ұры-қарыдан мал-жаныңызды қорғаудан бөлек шекара шебінде де әскерилермен бірге жауапты қызмет атқарады, тәртіп сақшыларына із кесуге көмектеседі. Зағип жандарды бағдаршамның жасыл түсіне көшеден өтізіп, қажетті бағытынан жаңылыспауға үйретуге болады.

Дмитрий Долгополов, ит жаттықтыру орталығының маманы:

– Шынын айтқанда итпен жұмыс істеу, адамға қарағанда жеңілірек. Олардың ойындағысын, қазір жасағалы тұрған әрекетін алдын ала болжап білуге болады. Иттер тез құбылып, ойын өзгерте алмайды. Өз басым, кейбір ерекше мінездеріне тәнтімін. Мен жаттықтыратын әр иттің өз мінезі, өз ерекшелегі бар. Ит мен үшін белгілі бір оқулық іспетті, соны меңгеріп, өзімді әрі қарай дамытамын.

Ғалымдардың пікірінше, әлемдегі ең ақылды ит – Бордер-Колли. Оның иіссезгіштігі мен адамға деген адалдығы өзге туыстарына қарағанда әлдеқайда жоғары екен. Ал неміс төбеті – әскери қызметшілердің айнымас досы. Ол адам секілді ісін жүйелей алатын қасетке ие. Бладхаунд тұқымдас иттер болса қолға тез үйреніп, бұйрықтарды тез жаттап алады. Бигль аса иіссезгіш келеді. Ол көбіне құтқарушылар мен тәртіп сақшыларының сенімді серігі бола алады.

10 жылдан бері ит жаттықтырушы болып еңбек етіп келе жатқан Дмитрий иттердің ақыл ойы жақсы дамығанын айтады. Есікті ашып бере алады, белгілі бір затыңды бұйырсаң, тістеп әкеліп береді. Тіпті оларды таңертең ұйқыдан бір уақытта оятуға да үйретуге болады.

Дмитрий Долгополов, ит жаттықтыру орталығының маманы:

– Итті базалық әрекеттерге жаттықтыру көп күшті талап етпейді. Дегенмен оған өз иесінен басқа адам бұйрық бере алмайтынын бір-екі сабақтан кейін-ақ түсінеді. Ол үшін мен алдымен иесі мен иттің арасында сенімді қарым-қатынас орнатып аламын. Кейін иттің адалдығы сол қатынастың беріктігіне байланысты болады.

Роман Лысенко, қала тұрғыны:

– Жасым қырыққа келгенде, ит асырауға бел будым. Ит сатып алғаннан бері өмірім өзгерді. Өте белсенді, көңілім көтеріңкі бола бастады. Күніне кемінде 2-3 сағат таза ауада серуендейміз. Жұмыстан кейін шаршағанымды осылай басамын. Достарымның көбі менің мінезімнің өзгергенін айтады.

Иттер туралы басқа да қызықты деректер бар. Әлемде иттің 703 түрлі тұқымы бар, иттер бөтен адамның құшақтағанын ұнатпайды екен. Бұл әрекетіңізді ол басыну деп түсініп қалуы мүмкін. Сонымен қатар иттер 250 сөз бен қимылды есінде сақтай алады. Адамға қарағанда, иттер дауысты 10 есе жақсы естиді, иісті 100 000 есе жақсы сезеді екен.

Авторлары: Индира Оразалинова, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы