427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда судың бағасы арзандады

  • 1497
  • UPD: 14:32, 01.01.2019
Алматыда судың бағасы арзандады

Сандық технологияны енгізген қалалық су мекемесі шығын көлемін азайтып, нәтижесінде суық судың құнын 10% төмендетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үнемділікке жол салған жаңа технологияның артықшылығы мен су мекемесінің алдағы жоспары жайында тілші Аршын Кемелжан әңгімелейді.

Бұл қаладағы барлық үйлерге су жеткізетін негізгі станцияның бірі. Нысанның басты міндеті - құбырдағы судың қысымы мен қуатын бір қалыпты тарату. Өткен жылға дейін әр бағыттағы су құбырының қысымы қолмен реттеліп отыратын. Бүгінде барлық жұмыс компьютер арқылы атқарылады.

Олег Лисицкий, бөлім басшысы:

- Құбырлардағы қысым арнайы құрылғы арқылы орталықтан көрініп тұрады. Өзгерістер болса, дабыл белгісі қосылады. Бұрын құбырлардың қысымы механикалық жолмен бақылынатын.

Алматы суы 2009 жылдан бастап сандық жүйеге көшіріле бастады. 2015 жылдан бері құбырлар мен құрылғылар жаңа технологиямен жабдықталды. Қазір қаладағы су желілері туралы барлық ақпарат орталықтағы үлкен экраннан көрініп тұрады. Сандық бағдарлама толық жүзеге асқаннан кейін шығын көлемі әжептәуір азайған. 

Нұриддин Жарболов, «Алматы су» МКК бас директорының орынбасары:

- Бұл тұрмыстық жағдайға пайдаланатын жеке үйлерге ғана 10% төмендетілді. Бұл осы жүйелерді пайдалану кезіндегі оңтайлы шешім қабылдаудың, шығындарды оңтайландырудың арқасында жүргізіліп жатыр.

Сандық технологияның тағы бір артықшылығы - құбырлардың жарамдылық мерзімі, күрделі жөндеу жұмыстары және ондағы ақау компьютер арқылы алдын ала есептеліп, ескертіледі. Нәтижесінде жұмыс күші мен жөндеу жұмыстарына кететін уақыт та қысқарған.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы