432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы 180 көше мен 30 ықшам ауданның аты өзгереді

  • 3964
  • UPD: 17:36, 01.01.2019

Жаңа жылдан бастап Алматыда 180 көше мен 30 ықшам ауданның атауы өзгертіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалада енді Мұзарт, Шабыт, Дарабоз, Желмая сынды жаңа көшелер пайда болады. Көптеген көше атауларын ауыстыру жөніндегі шешімді қалалық мәслихат депуттары бір ауыздан қолдаған.

Алматыда жалпы 3 мыңға жуық көше бар. Тәуелсіздік жылдары олардың басым бөлігі қазақшаланып, хандар мен билердің, ақын-жазушылар, белгілі ғалымдар мен өнер қайраткерлерінің есімі берілді. Дегенмен әлі де 200 көшенің атын ауыстыру қажет. Бұл орайда қалалық мәслихат депутаты, ономастика комиссиясының тұрақты  мүшесі Қали Сәрсенбай: «Көше атауларын ауыстыру заман талабы», – дейді.

Қали Сәрсенбай, қалалық мәслихаттың депутаты:

– Қаншама тұлғалар бар. Мүлдем аты аталмай кеткен тұлғалар баршылық. Соны іздеу, табу, оның атын көшеге беру, атын мәңгілікке қалдыру ол біздің міндет, парызымыз болып есептеледі. Қазір енді қалалық мәслихат шешімімен қабылданды.

«Алғабас 1,2,3,4» деп жалғаса беретін ықшамаудандар енді жеке-жеке, Нұркент, Ботакөз, Ақмаржан деп аталатын болады. Сонымен қатар  «Дубок» Шабыт, «Школьный» шағын ауданы «Жазира», «Заря Восток» «Шапағат» деп өзгереді.

Әли Дауылбек, ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы:

– Кенесары хан, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Исатай, Махамбеттердің аттарына Алматыда көшелер беру керек. Өйткені біздің жастарымыз ұлы ата-бабаларымыздан үлгі алу керек.

Үсен Тілеубердиев, қала тұрғыны:

– Дұрыс деп ойлаймын. Өйткені ол өзіміздің тілімізде ата-бабаларымыздың, танымал кісілердің аттары болса дұрыс деп ойлаймын.

Батыржан Асқарұлы, қала тұрғыны:

– Бір көшеде 2-3 аттан бар. Адамдар шатасады. Сол себепті әр көшеге бөлек-бөлек ат қойған дұрыс.

Қалада 250 көшенің атауы қайталанады. Бұл тұрғындарды шатастыратыны сөзсіз. Мысалы, Әуезов ауданындағы «Достық» шағын ауданындағы Илич пен Калинин көшелері енді Құман Тастанбеков пен Фарида Шәріпова есімдеріне ауыстырылатын болды.

Алмас Сәдуақас, тілші:

– Алматыда кеңес кезеңінен келе жатқан Илич, Красноармейск, Пригородская сынды атаулардың орнын енді қазақы танымға тән Керуентау, Тайбурыл, Ата толғауы сияқты мағыналы әрі ұлттық идеология үшін маңызды атаулары алмастырып жатқаны қуантады. Мысалы, Каблуков көшесінің де аты өзгереді. Келер жылы бұл көшеге халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының аты беріледі.

Авторлары: Алмас Садуақас, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы