418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балық шаруашылығына субсидия беру ережесі өзгертілді

  • 2005
  • UPD: 19:34, 01.01.2019

Елімізде балық шаруашылығына да субсидия беріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде жемге жұмсалған қаржының 30 процентінің орны толады. Алайда мемлекеттен берілетін субсидияны әрбір алтыншы кәсіпорын ғана алған. Өйткені жыл соңында қаржыны беру жөніндегі ережеге аяқ астынан өзгеріс еніп, шаруалардың көбі қажетті құжатты жинап үлгермеген.

Тұқы балығының тұқымы тез өсіп, салмақ жинау үшін кем дегенде күніне екі рет жем берілуі қажет. Ал жалпы балыққа берілген жемнің 30 процентіне мемлекеттен субсидия беру туралы шешім 2017 жылы қабылданған. Алайда ол уақытта бірде-бір шаруа демеу қаржы алмаған. Қаржылық демеу тек 2018 жылы ғана беріле бастады.

Денис Муштаков, балық өсіру питомнигінің директоры:

– Балықтарға жем теңдей беріледі. Өйткені балықтың бәрі бірдей дәрежеде өсуі керек. Ал субсидияның арқасында жемді молайтамыз. Әрине балыққа жем неғұрлым көп берілсе, тезірек өсуі мен сапасы да соғұрлым жақсы болады.

Елімізде тұқымдық балық өсіретін 121 шаруашылық бар. 2018 жылы 21 шаруашылық қана демеу қаржы алды. Себебі субсидия берудің ережелері аяқасты өзгергендіктен, балықшылар құжат дайындап үлгермеген.

Сәкен Ділдахмет, ҚР АШМ орман және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

– Біз қазан айына дейін субисидия бойынша тапсырысты жазбаша құжат бойынша қабылдадық. Қазаннан кейін ол тоқтатылып eGov.kz порталы арқылы онлайн қабылдау жүргізілді. Кейбір шаруашылықтар тапсырысты онлайн берді. Оларға жедел қызмет көрсетілді.

Құжаттарды толық электрондық жүйеге көшіру туралы шешім жақында ғана қабылданған. Дегенмен балық шаруашылығы мамандары бұл саланың дамуына кедергі келтіретінін айтады. Өйткені осы құжат айналымының кесірінен субсидияны ала алмай отыр.

Денис Муштаков, балық өсіру питомнигінің директоры:

– Біз жан-жақты қамтылған бәрі ойластырылған стратегиялық жоспар күтеміз. Өйткені соңғы 10 жылда осы салаға қатысы бар 3 министр, жауапты комитетте 4 төраға ауысты. Олардың әрқайсысы өзінше өзгеріс енгізеді.

Агроөндірістік кешенді дамыту бағдарламасы бойынша 2021 жылға дейін тауарлық балық өсіретін шаруашылықтар 3 есеге ұлғайып, жылдық қуаты 5 мың тоннаға жетуі тиіс. Сондықтан бұл салаға мемлекеттен берілетін субсидия тоқтатылмайды. 

Авторлары: Олжас Керейхан, Юлана Чаус

Хабар 24 телеарнасы