389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде халықтық кеңсе арқылы 500-ге жуық қызмет түрі көрсетіледі

  • 741
  • UPD: 14:02, 02.01.2019

Елімізде қабылданған «Ақпараттық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақтөбеде ақылды қала жүйесі енгізілген болатын. 2020 жылға дейін шаһардың коммуналдық шаруашылығы толығымен автоматтық түрде басқарылуы тиіс.

Бұдан бөлек денсаулық сақтау, білім беру және ішкі істер саласы да заманауи технологиялардың көмегіне жүгінеді. 

Еліміздің төртінші агломерациясы ретінде жарияланған Ақтөбеде дәстүрлі халыққа қызмет көрсету орталықтарынан бас тартқан. Халықтық кеңсе атанған жаңа орталықта 500-ге жуық қызмет түрі көрсетіледі. Дәстүрлі анықтамалардан бөлек бұл жерде жергілікті билік органдарына да өтініш жазып, қажетті құжаттарды алуға болады. Бастысы кез келген деректерді электрондық түрде алуға жағдай жасалған.

Балқия Бірмағамбетова, қала тұрғыны:

- Кемінде жарты сағат жоғалтамын деп келдім. Очередь дегендей. Енді мынадай электронды әдіске айналуына байланысты бір минуттың ішінде алып болдым керек қағазымды. Өте халыққа ыңғайлы. Осымен жұмыс істеулеріңізді сұраймын бәріңізді. Рахмет. Өте керемет ыңғайлы. 

Халыққа қызмет көрсету орталығынан бөлек бұл ғимаратта «смартқала» жүйесінің басқару пульті орналасқан. Бұл жерде полиция департаменті мен қалалық әкімдік орнатқан 500-ге жуық бақылау камералары қадағаланады. Болашақта шаһардағы 9 мыңға жуық камерамен байланыс орнатуға мүмкіндік туады. Бұл шаралар қылмыспен күресте тиімді әдіс екендігін халықаралық тәжірибе дәлелдеген.

Ілияс Испанов, қала әкімі:

- Көлік қозғалысын реттеу. Бұл жердегі құқық бұзушылықтарды тез арада анықтау, жүргізушілерге осы туралы мәліметті жедел жеткізіп, болашақта қайталанбауы туралы ескертулер беру ол ең бастысы. Одан бөлек халықты тасымалдау көлігінің азаматтарға ыңғайлы етіп жасау үшін «Ақтөбе-БАС» жүйесі жүргізіліп, бұл жерде электронды билет қазір тесттік жүйеде 46 маршрутта жүргізіліп жатыр. 

«Ел айна» аталған жоба 2020 жылға дейін «Ақпараттық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асады. Болашақ агломерация тұрғындары шаһар туралы ақпаратты smart-қосымшалар арқылы қол жеткізе алады. Ал оқу ордаларындағы электрондық журналдар мен күнделіктер, денсаулық сақтау мекемелеріндегі электрондық денсаулық паспорттары дәрігерлер мен ұстаздарды қағазбастылықтан құтқаруы тиіс. Сондай-ақ бұл жаңалықтар Ақтөбені өмір сүруге әбден қолайлы шаһарға айналдырады деп күтілуде. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы