423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанды саяхатшылардың сүйікті орталығына айналдыру бағытында жұмыстар атқарылуда

  • 1732
  • UPD: 20:14, 02.01.2019

2018 жыл Тұран даласы үшін тарихи оқиғаларға толы болды.

Атап айтқанда, 19 маусымда Елбасы Түркістан облысын құрып, оның орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Міне, өңір содан бергі 6 айда түрлене түсті. Әуелі қаланың бас жоспары қайта қаралып, тарихи мекенді түлету жұмыстары басталды. Нәтижесінде шаһар қайта жаңғырып, жаңа кейіпке енді. Түркістан облысы құрылғаннан кейінгі мұндағы атқарылған жемісті жұмыстар жайында «Хабар 24» тілшісі баяндайды.

Бұл - 2018 жылдың 13 тамызы. Облыс орталығы Шымкенттен Түркістанға ауысып, көштің басы киелі шаһарға бет түзеген сәт. Керуенді жаңа облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың өзі бастап келді. Соңынан 24 басқарма мен 28 аумақтық департаменттер жетті. Олар табылған ғимаратқа жайғасып, жұмыстарын бастап кетті. Жалпы Түркістанға 1200-ден астам штаттық бірлігі бар атқарушы органдар көшірілді.

Жалпы Түркістан қаласы Елбасы бекітіп берген тұжырымдамаға сәйкес, үш бағытта дамиды. Біріншісі - тарихи, екіншісі - рухани-мәдени, үшіншісі – әкімшілік-іскерлік орталығының аймағы. Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің айтуынша, негізгі жұмыстар осы үш аймақта жүргізіледі. Мәселен, алғашқы тарихи аймақта жаңғырту, қалпына келтіру жұмыстары қолға алынса, екінші рухани-мәдени аймақта 7 нысанның құрылысы басталады.

Тоқтар Үсіпәлиев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

- Рухани-мәдени аймақ деп бекітілген «Әзірет Сұлтан» кесенесінің аймағында 7 нысанның құрылысы жоспарланған «Ұлы дала елі» орталығы, Қожа Ахмет Ясауи музейі, амфитеатр, Туристер орталығы, сауда үйі, фонтандар қарастырылған.

Ал 700 гектар жер бөлінген үшінші әкімшілік іскерлік аймағында құрылыс қарқынды жүргізілуде. Қазір онда 1538 пәтерлі 26 үй салынып жатыр. Олар алдағы наурыз айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 2724 пәтерден тұратын 88 көпқабатты «Түркістан - жаңа қала» тұрғын үй алабының құрылысы да басталды. Бұдан өзге, кескін келбеті шығыс үлгісінде сызылған фитнес орталығы мен жаңа автобекеттің іргетасы қаланды. Аталмыш ғимараттардың кейбірі 2019 жылдың жылдың соңында пайдалануға берілмек. Бұларға қажетті коммуналдық қызметтер де шешімін тапқан.

Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі:

- Газбен қамтамасыз ету, су мен кәріз жүйесімен және электр энергиясымен қамту мәселесі толық шешілген. Мысалы әкімшілік-іскерлік орталықтың жанынан диаметрі 600-дік газ құбыры өтіп жатыр. Диаметрі 225-тік екі су құбыры келіп тұр. Оның біреуі қазіргі таңда салынып жатқан 26 үйді толық сумен қамтамасыз етеді. Сарқынды суды тазалайтын станцияға қарай ұзындығы 18 шақырым болатын кәріз жүйесі тартылатын болады. Қазір жеңімпаз анықталды, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Қаладағы әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында арнайы жоспар құрылған. 2021 жылға дейін Түркістандағы барлық үйлер сарқынды су жүйесіне қосылып, 100% көгілдір отынмен қамтылады. Көлік кептелісін азайту үшін 30 көше асфальтталып, жолайрықтар салынады. Елбасы Түркістан облысына барған сапарында Turkistan арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл қадам өңірдегі экономика мен бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына серпін береді. Ал туризмді түлетіп, шаһарды саяхатшылардың сүйікті орталығына айналдыру бағытында да жұмыстар атқарылуда.

Жасұлан Төлеубеков, облыстық туризм және сыртқы байланыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы туристік салалардан түскен табыс 1 миллиардқа жуықтады 1 жылда. Ал бір жылдағы туристер саны 30% артып, жалпы келушілер 1 млн 200 мыңнан асып кетті.

Екі миллионнан аса халқы бар өркендеген өңірдің Түркістан облысы болып құрылуы еліміз үшін ғана емес, тұтас түркі жұрты үшін үлкен жаңалық тың бастама болды. Енді ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болған шаһар қайтадан даму жолына түсті.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы