383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде «Жастар жылы» жол картасы жобасы әзірленді

  • 3324
  • UPD: 22:26, 02.01.2019

Биыл елімізде жастарға басымдылық беріледі. Елбасы халыққа арнаған Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын.

Осыған орай Қазақстаннның барлық өңірінде мемлекеттік деңгейдегі шаралар өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал жалпы өңірлерде жастар саясатының жүзеге асуы қай деңгейде?

Биыл жастарға артылған сенім мен мүмкіндік ұшан-теңіз. Мұндағы жауапкершілік, алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін олар барлығына да дайын болу керек. «Ол үшін тың жобалар, креативті идеялар, қызықты шаралар бастама ретінде жастардан шығуы керек», - дейді Қоғамдық даму министрлігіне қарасты Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов.

Асхат Оралов, ҚР ҚДМ Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының м.а:

- Осы 2019 жыл Жастар жылын сапалы, абыроймен атқару мақсатында жол картасы жобасы әзірленді. Бұл дегеніміз - әр санаттағы жастардың қолдау мақсатымен жасалған жоба. Қазіргі күні жастардың саны бізде 4 миллионға жуық. Соның ішінде ауыл жастарына, қала жастарына қолдау көрсету мақсатында біраз жобалар іске асады деген ойымыз бар.

Орал қаласының тұрғыны Асан Саматов 8 жылдан бері балалармен және жастармен жұмыс істеп келеді. Оның би студиясына 6 мен 16 жас аралығындағы жүзге жуық  жас тіркелген. Би маманы Асан оларға тек билеуді ғана үйретпейді. Адамгершілік қасиеттерді, мақсатқа жету жолындағы биік белестерді бағындыру жайын үнемі назарда ұстап айтып отырады. Жеткіншектердің санасына сіңіртеді. Би өнеріне қызуғышылар ұстазын да ұйып тыңдайды. Асанның өзі 16 жасынан бимен әуестенген. Жетістігі де аз емес. Еуропа мен Азия елдердінде өнерін танытқан азамат бірнеше рет жеңіс тұғырынан көрініпті.

Асан Саматов, би мектебінің жетекшісі:

- Біз ылғи да тегін шеберлік сыныбын өткізіп тұрамыз. Өткен жылы қала көлемінде 10 жобаны қолға алып, бірнеше кездесулер жасадық би өнері турасында. Оған Мәскеуден, Қазан мен Самарадан мамандар шақырдық. Қызығушылар бар. Соларға дұрыс бағыт берсек, бар мақсатымыз сол.

Ал Павлодар жастары өткен жылдың қортындысы бойынша 50 авторлық жобаны ұсынған. Жас өнертапқыштар ойлап тапқан жаңалықтың көпшілігі ІТ-технологияларды қамтиды. Арасында білім беру, денсаулық саласы, энергосақтау және ауылшаруашылығына қатысты тың идеялар бар. Маркетинг және сауда, туризм мен инклюзивті оқытуға да мән берілген. Жыл сайын жылдың стартап идеясы жобасында үздік 10 жоба іріктеледі. Бұл байқаудың мақсаты жастардың бастамаларын іске асыру үшін қаржылай қолдау  көрсету. Байқауға ұсынылған әрбір жобаның өзіндік ерекшелігі, әлеуметтік маңызы бар. Мысалы, Рамазан Мұқтаров 3D принтерді қалай жасауға болатынын көрсеткен. Ол жетілдірген конструкцияны қолмен құрастырып шығуға болады.

Рамазан Мұқтаров, байқауға қатысушы:

- 3D принтер арқылы дайын шаблондар жасап шығаруға болады. Өйткені әр адам 3D принтерді белгілі бір мақсатта пайдалану үшін алады. Менің конструкторымды басып шығару, жиынтықтау тіпті әрбір бұранданы өз ыңғайыңа қарай өзгертіп алуға болады.

Жастар жылының құрметіне орай «Балдәурен-Шымкент» республикалық оқу-сауықтыру орталығы «Жастар» педагогикалық тобының ұйымдастыруымен «Ел ертеңі - жастар» атты флешмоб өткізді. Шаһардағы «Арбат» демалыс кешеніне жиналғандар жұртшылықпен бірге ән салып, би биледі.

Авторы: Нұрбек Байбосын

Хабар 24 телеарнасы