426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-ның Жәнібек ауданындағы ауылдар жарықсыз қалды

  • 1590
  • UPD: 21:47, 03.01.2019
БҚО-ның Жәнібек ауданындағы ауылдар жарықсыз қалды

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданына қарасты 4 бірдей қыстақ жарықсыз қалды. Қардың қалың түсуіне байланысты Таловка, Борсы, Ақоба, Күйгенкөл және өзге де ауылдық округтер аумағында қатынас қиындады.

Осыған байланысты қазір ауыл тұрғындары да қолдарына күрек алып, жолдарды аршуға атсалысып жатыр. Айта кетерлігі, аталған ауылдар облыс орталығынан 500 шақырымнан астам қашықта орналасқан. Желтоқсан айының ортасынан бастап түскен ақ ұлпаның қалыңдығы 35 сантиметрге жетті. Қазіргі таңда аудандық маңыздағы 270 шақырым жолда қар тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Оған аудандағы шаруа қожалықтары мен жол пайдалану кәсіпорнының оннан астам техникасы тартылған.

Жақсылық Абдолов, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:  

-  Қазіргі кезде Жәнібек ауданының Борсы ауылында 3 қыстақта: Хайдар, Айдарлы, Мишка қыстақтарында  және Таловка ауылдық округінің Комсомол қыстағында электр желілерінде үзілген желілер анықталып отыр. Осыларды жөндеу бағытында Жәнібек аудандық электр торабының қызметкерлері тартылған. Оларға 2036 әскери бөлімінің техникалары көмектесуде. Сондай-ақ республикалық маңыздағы жолда «Қазавтодор» РМКК  техникалары тазалау жұмыстарын жүргізуде. Сондай ақ 2036 әскери бөлімінің мотошаналары пайдаланылып, электр бағаналарын жалғауда өздерінің көмектерін көрсетуде.

Хабар 24 телеарнасы