383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еңбекшіқазақ ауданында ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік жаңа деңгейге көтерілетін болады

  • 786
  • UPD: 11:02, 04.01.2019

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы әрбір ауылда тауарлы-сүт фермасы, мал бордақылау алаңы және жылыжай болуы тиіс деген бастама жергілікті тұрғындарға ұнап отыр, деп «Хабар 24».

Жергілікті билік өкілдері мен аграрлық сала мамандарының пікірінше, бұл елді мекендердегі жұмыссыздық мәселесін шешумен қатар Алматы қаласының маңайындағы азық-түлік белдеуін нығайтуға септігін тигізеді. Ал ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік жаңа деңгейге көтерілетін болады.

Тілек Әлімжановтың шаруа қожалығына 20 жылдан асты. Алғашқы ұйымдастырушы өзінің әкесі болған. Бүгінде Тілек те балаларына қарапайым жұмыстың қыр-сырын үйретуде. Фермада қара ала тұқымды 850 сиыр бар. Селекциялық жұмыстардың барлығы америкалық технологиямен жүргізіледі. Сиыр саууға арналған орынды кеңейткелі жұмысқа ыңғайлы болыпты, өйткені бір мезгілде 30 сиыр сауылады. Ал олардың әрқайсысы жылына 5 тоннаға жуық сүт береді.

Тілек Әлімжанов, отбасылық тауарлы-сүт фермасының жетекшісі

- Жаңа техника алып жатырмыз. Бұл үкімет өте көп көмек беріп жатыр субсидия арқылы. Ол субсидия түгели модернизацияға жіберіліп жатыр. Өз ақшамызды да салып жатырмыз. Несие-кредит алып жатырмыз.

Жергілікті сүт зауытындағылар мұндай отбасылық тауарлы-сүт фермаларының көп болғаны тиімді деп есептейді. Өйткені кәсіпорын шикізат тапшылығын айқын сезініп отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, тәулігіне 150 тонна сүт өңдейтін кәсіпорын бүгінде 100 тоннаға жетер-жетпес сүттен әртүрлі өнімдер шығарады.

Медетхан Игіліков, сүт зауыты директорының орынбасары:

- Болашаққа біз оларды үндеп жатырмыз. Сүт көп өндіру үшін мынау үлкен, ірі өндіріс ошақтарының қасына өндірістік кооперативтер құру жөнінде үлкен бастама көтеріліп жатыр. Біздер өзіміздің тәжірибелерімізді, өзіміздің білімімізді, мына жеткен жетістігімізді солармен бөлісіп, жаңағы шаруаларға соларды үйреткіміз келеді.

Еңбекшіқазақ – республикадағы ең халқы көп аудандардың бірі. Өңірде 79 ауыл бар. Жергілікті билік олардың әрқайсысында тауарлы-сүт фермасы, мал бордақылау алаңы және жылыжай болу керек деген міндет қойып отыр.

Бинәлі Ысқақ, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі:

Жұмыссыз отыратын адам болмау керек. Екі қолға бір күрек дегендей, біз осы табысты жұмыста әркім өзінің жұмысымен айналысуға қолайлы жағдайлардың бәрін туғызып жатырмыз. Мемлекеттің барлық қолдаулары ауданда іс жүзіне асырылып жатыр.

Мақсатқа жету үшін ұсақ шаруашылықтарды кооперативке біріктіру міндеті қолға алынып жатыр. Қазір ауданда олардың қатары небәрі төртеу-ақ. Егер жұмыстың бәрі ойдағыдай болса, ауданның да, онымен іргелес жатқан ірі мегаполис – Алматының да тұрғындары отандық ет пен сүттен және көкөністен тапшылық көрмейтін болады.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы