421,39 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында қоқыс сұрыптайтын бірегей кешен ашылды

  • 2328
  • UPD: 15:33, 04.01.2019

Бұл жоба «Тұрмыстық қалдықтарды бақылау» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Келесі кезеңде оны толық өңдеп, дайын шикізат алу жүйесі іске қосылмақ. Экономикалық және экологиялық маңызы зор тың бастама туралы «Хабар 24» тілшісі Мағауия Қалиев тарқатады.

Қостанай облысында 300-ден астам қоқыс полигоны бар. Соның тек 35% ғана заң талаптарына сай жабдықталған. Ауыл-аймақтарда қараусыз жатқан қоқыс алаңдары да аз емес. Осы жағдайды бір жүйеге келтіріп, тұрмыс қалдықтарын барынша іске жарату мақсатында өңірде бес жылдық бағдарлама дайындалды. Оған бизнес өкілдерін тарту үшін жеңілдіктер қарастырылған.

Аманкелді Исмайылов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл бағдарламаға қатыса отырып, кәсіпкерлер инфрақұрылымды дамытуға қаржылай қолдауға ие болады. Қоқысты сұрыптап, кәдеге жарата білгендерге өтемақы төленеді.

Экологиялық кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты барлық полигон иелері жаңа жылдан бастап тұрмыс қалдықтарын сұрыптаумен айналысуға міндетті.Тобыл өңірінде бұл бағытта кешенді шаралар қолға алынған. Соның бірі және бірегейі Қостанай ауданында қоқысты сұрыптап қана қоймай, тазартып, өңдейтін зауыттың ашылуы.

Жандос Жақсыбаев, кәсіпорын директоры:

Бұл үш кезеңнен тұратын ірі жоба. Жылына 40 мың тонна тұрмыс қалдықтарын сұрыптайды. Келешекте 120 мың тоннаға жеткізуге болады. Келесі кезеңде қоқысты тазартып-жуып, ұсақтайтын желі орнатылады. Одан кейін оны өңдеп, дайын шикізат шығарыла бастайды.

Осы аталған жоспарлар биылғы жылдың тқртінші тоқсанында толық іске асады деп отыр. Ал тұрмыс қалдықтарынан түрлі бұйымдар шығаратын Қостанайдағы кәсіпорын үшін енді шикізатқа деген зәрулік азаяды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы