389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«7-20-25» бағдарламасымен қанша қазақстандық баспаналы болды?

  • 1066
  • UPD: 20:00, 04.01.2019

Өткен жылы елімізде 6489 адам «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алуға өтініш білдірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар сұраған несиенің жалпы көлемі 75 миллиард теңгені құрады.

«7-20-25» бағдарламасы басталғалы 4 мыңға жуық адамның несие алу туралы өтініші мақұлданды. Яғни тұрғындарға 47,5 миллиард теңге қарыз берілді. Осының арқасында елімізде мыңдаған отбасы жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы алды. Дегенмен бағдарламаға қатыса алмағандардың да қарасы қалың. Оған бірнеше объективті кедергілер болды.

Айбар Олжай, «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ сыртқы коммуникация қызметкері:

– Біз бағдарламаны бастағанда Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасының талаптарына сай келетін нарықта 4 мың пәтер бар екенін болжап айтқан болатынбыз. Сол 4 мың пәтер алғашқы үш айдың ішінде сатылып кетті. Демек дәл қазір «7-20-25» бағдарламасы бойынша алына қоятын пәтерлер жоқтың қасы. Екінші кедергі банктер өздері әр тұтынушының төлем қабілеттілігін өздері анықтап, өздері шешім шығарады. Адамдардың көбінде 2-3 несие бар. Олар банктердің межесінен өте алмай қалады.

2018 жылы елімізде 12 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Яғни бағдарлама енді ғана қарқын алып келеді. Ал сұранысты қанағаттандыратын жаңа үйлер нарыққа осы жылдың екінші жартысында келе бастайды. Оларды игеру үшін 150 миллиард теңге көлемінде несие беру жосапрланған. Енді өткен жылы бағдарламаға тұрғындар белсенді қатысқан өңірлерді атап өтейік. Ипотекалық компанияның мәліметіне қарағанда, 2018 жылы Астана мен Алматы қалалары және Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Ақмола облысының тұрғындары пәтерге қол жеткізді. 

Айбар Олжай, «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ сыртқы коммуникация қызметкері:

«7-20-25» бағдарламасы экономикалық белсенді аймақтардың ішінде қарқынды жүзеге асуда. Оның бір себебі, тұрғын үй тапшылығы жоқ. Демек қай аймақтарда көбірек үй салынады солардың тұрғындары белсенді келеді.

Белсенділік танытып, бағдарлама бойынша үйлі болғандардың бірі – атыраулық Дана Орынбасарқызы. Баспана тауқыметін бір адамдай көрген. Екі бөлмелі пәтердің кілтін қолына алысымен өз ыңғайына қарай жөндеу жұмыстарын жүргізуге кіріскен. 

Дана Нұралы, қала тұрғыны:

– «7-20-25» бағдарламасы өте тиімді және қолайлы деп айта аламын. Өйткені банкке тапсырыс берген үш күннің ішінде маған рұқсат қағазы келді. Барлығы жылдам әрі тез және айтарлықтай қиындықтар туындады деп айта алмаймын. Сондықтан осы бағдарлама бойынша пәтер алғаныма өте қуаныштымын, пайызы да аса қатты жоғары емес.

«7-20-25» жаңа ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының негізгі шарты сыйақы мөлшерлемесі – 7% және алғашқы жарна – 20%, несиені өтеу мерзімі – 25 жыл. Бүгінде бағдарлама бойынша несие беруге 8 банк қатысады. Биылдан бастап несиені рәсімдеп алуды жеңілдету үшін өтініштердің мақұлданған мақұлданбағанын тексеретін онлайн жүйе іске қосылмақ.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы