419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл Атбасар қаласында кезекті шағын аудан бой көтереді

  • 1125
  • UPD: 10:20, 05.01.2019

Биыл Ақмола облысының Атбасар қаласында тағы бір шағын аудан бой көтереді. Қазір құрылыс құжаттары әзірленіп жатыр.

Салынған үйлер кезекте тұрғандарға беріледі. Себебі су тасқынынан баспанасыз қалған отбасылардың басым бөлігі бүгінде жаңа пәтерге ие болған. Кезекте тұрғандарға жақында алғашқы 45 пәтерлі үй пайдалануға берілді.

Бірнеше жылдан бері пәтер кезегінде тұрғандардың бірі Вадим Ладо. Бала кезінен әке-шешесінің қамқорлығынсыз қалған жас жігіт жаңа жыл алдында баспаналы болды. Енді осы үйде өз отбасын құрсам дейді.

Вадим Ладо, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Мен 6 жасымнан бастап тәтеммен бірге тұрамын. Ал пәтер кезегіне 2010 жылы тұрдым. Міне, 8 жыл дегенде арманым орындалды. Ендігі мақсат үйленіп, бала-шаға сүю.

Ал Төленді Әлшорин бұрын атақты Жабай өзенінің жағасында тұрған. Үйін бірнеше жыл қатарынан су басып, тұруға жарамсыз болып қалыпты. Енді міне оларға Үкіметтің көмегімен салынған үйлердің бірінен 2 бөлмелі пәтер бұйырды.

Төленді Әлшорин, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Үйді 4 рет су басты, 2005-те, 2007-де, 2014, 2017-де басты міне. Биыл жаңа үй алдық. Бәрі көшу керек негізі. Ибаррури деген көше. Жабай өзенінің нағыз жанында. Негізінде бәрін көшіру керек. Топан су енді айтып келмейді ғой.

Галина Мороз, Атбасар аудандық құрылыс бөлімінің жетекшісі:

- 2018 жылы біз су тасқынынан зардап шеккендерге деп салынған 6 үйді тапсырдық. Қалған бесеуінің құрылысы бітуге жақын қалды. Яғни жақында барлығы  баспаналы болады.

Қазірдің өзінде бұл үйлерде су тасқынынан зардап шеккен 495 отбасы тұрып жатыр. Ал баспаналарды салуға Үкіметтен 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Дамир Берікұлы, damir130788@twitter.com:

- Алдағы жылдары бұл маңайдан тағы 10 шақты үй салынып, білдей бір шағын аудан бой көтермек. Ал қаланың кіреберісінен 70 шақты жер телімі бөлініп, онда «Нұрлы жер» бағдарламасымен жер үйлер салынбақ. Осылайша алдағы жылдары Атбасар қаласында тұрғын үй құрылысы жанданады дейді мамандар.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы