426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Меркіде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы ашылды

  • 4833
  • UPD: 20:50, 07.01.2019

Жамбыл облысындағы Меркіде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл әлеуметтік нысанда қазір 25 жеткіншек арнайы медициналық сараптамадан өтіп, тегін ем қабылдап жатыр.

Айзада Балтамұратова – Меркі ауданының тұрғыны. 11 жылдан бері өздігінен жүріп тұра алмайтын баласы Құралдың денсаулығын нығайтумен алысып жүр. Ол үшін қаладағы талай орталықтың табалдырығын тоздырған. Енді міне алысқа бармай-ақ, барлық қызмет түрін бір жерден алып, өзінің де қолы ұзарды.

Айзада Балтамұратова, Меркі ауданының тұрғыны:

– Балаларымыз осы жерде ем алады. Массажы бар, таңертең 8 жарымда алып келеміз, кешке 5-те алып кетеміз. Балаларымыз да осы жерге келгісі келіп тұрады.

Құны 52 миллион теңге болатын әлеуметтік нысанда 29 маман жұмыс істейді. Ғимарат іші ойын бөлмесі, баланың ой-санасын дамытатын ойыншықтармен толтырылса, дене шынықтыру бөлмесі арнайы құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда ерекше балалардың сенсорлық қабілетін және ұсақ қол моторикасын дамытуға арналған құралдар да бар.

Клара Ракаева, мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының директоры:

– Біздің оңалту орталығы 25 балаға ашылған, жеке оңалту бағдарламасы бойынша балалар келеді.

Ауданда екі жарым мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан болса, олардың 357-сі – бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі сал ауруы мен қимыл тірек қозғалысы дамымаған жеткіншек. Сондықтан алдағы уақытта орталықта емделушілердің санын көбейтіп, жылына 5 баланы сауықтыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Қырмызы Жексенбек, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы