389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында қыста қызмет көрсететін туристік нысандар көбейіп келеді

  • 897
  • UPD: 09:45, 08.01.2019

Мәселен, қазір аймақта осындай 200-ден астам нысан бар. Олардың көпшілігі, әрине, Бурабайда орналасқан. Демалыс орындары халыққа қандай қызмет түрлерін ұсынады? Туристердің қысқы демалысқа деген қызығушылығы қандай?

Әйгілі Бурабай, тек жазда ғана емес, қыста да әдемі. Күннің қатты суықтығына қарамастан мұнда туристерді жиі көруге болады. Бірі тарихи мекенді танып-білуге келсе, енді бірі Бурабайдың тылсым табиғатына тәнті.

Хусейн Демирел, турист:

- Мынадай табиғат Түркияда бар. Бірақ осындай табиғатты басқа жақта көрмедім. Алматыда Шымбұлақ, нелер бардық ғой Алма-Арасанға. Бірақ осы жерге жазда қайтадан келейік деген ойымыз бар. Басқа тағы көрейік не болады. Басқа тағы әдемі жерлер бар ма. Оны да көреміз.

Жалпы Бурабайға қыста келген адам, қандай жерлерді тамашалай алады? Алдымен, әрине Абылайхан алаңы. Бұл жердің тарихи орын болуынан бөлек, ауасының өзі ерекше екен. Мұнан соң «Қазақстандық Лапландия» атанып кеткен балалар ойын-сауық орталығы тағы бар. Сонымен қатар Бурабайда қазір қысқы демалысқа қажетті құрал-жабдықтарды жалға беретін 7 бірдей орын жұмыс істеп тұр. Ал жақында тағы бірнеше нысан іске қосылмақ.

Азамат Ербатыров, «Бурабай даму» мекемесі бас директорының міндетін атқарушы:

- Бурабайда биылдан бастап бұрын-соңды болмаған биіктігі 250 метрлік сырғанақ іске қосылады. Одан бөлек қысқы этноауыл және ойық мұздары бар көл жағасындағы моншалар пайда болады. Сондықтан туристер демалыстарын қыста да қызықты өткізе алады.

Бурабай дегенде атақты трамплин кешенін айтпай кету мүмкін емес. Республикалық шаңғы базасы 125 гектар аумақты алып жатыр. Нысан биылдан бастап, спортшыларды жаттықтырудан бөлек, қарапайым халыққа да қызмет көрсетуді бастады. Мұнда енді кез келген адам, шаңғы теуіп, биіктіктен сырғанай алады. Даңқты спортшылар жаттығатын жерге табан тіреу, кімге де болсын мақтаныш.

Шолпан Нұртазина, турист:

- Бірінші рет келіп тұрмыз Астанадан. Үлкен бір топпен, 100-дей адам. Өте керемет, өте жақсы, ұнады. Бірінші қорқып тұрдық мына жерде бәріміз. Бірақ қазір керемет, жақсы. Өзім шаңғыны ұнатам, конькиді. Конькиді бірақ Астанада суық болғандықтан «Алау» мұз айдынына барамыз.

Алмас Кекубаев, Олимпиадалық даярлау орталығы директорының бірінші орынбасары:

- Спорт нысанының мүмкіндігі өте мол. Сондықтан, мына бұқаралық спортты дамыту мақсатында Елбасымыздың тапсырмасы бар ғой, 2050 жылы қазақстандықтардың 30 пайызы осы спортпен шұғылдану керек. Сондықтан, осыған да үлесімізді қосып, осы тапсырманы орындауға халықпен жұмыс істейміз.

Осы тұста айта кету керек, Ақмола облысында бүгінде 16 мыңға жуық адам қысқы спорт түрлерімен айналысады. Ал, байрақты бәсекелердің барлығы дерлік осы Бурабай баурайында ұйымдастырылады. Тіпті, соңғы жылдары Халықаралық «Қансонар» бүркітшілер сайысы да осы өлкеде өткізіліп келеді. Ал мұның барлығы туристерді көптеп тарту үшін жасалып отыр.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Қыс болсын, мейлі жаз болсын, мұнда келетін туристердің басты талап-тілегі - ол мына жолдарды кеңейтіп, аялдамалардың санын көбейтіп, инфрақұрылымды барынша жақсарту. Ал бұл алдағы жылдардың жоспарында бар. Себебі осының барлығы мұнда келетін туристердің қатарын қыста болсын, жазда болсын көбейтуге себеп болмақ.

Ақмола облысына келген қонақтар тек Бурабайда ғана емес, Зеренді, Сандықтау, Ақкөл, Шортанды, Аршалы және Целиноград аудандарында да қыстың қызығын тамашалай алады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы