384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде құрастырылған қоғамдық көлік қолданысқа беріледі

  • 674
  • UPD: 13:50, 08.01.2019

Семейлік тұрғындар биыл өзімізде құрастырылған қоғамдық көліктермен жүреді. Бұл жоба мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында қолға алынды.

Жергілікті тасымал қызметі шаһардағы көлік құрастыратын зауыттан 170 автобус сатып алу жөнінде келісім шарт жасасқан. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылып, қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсартуға септігін тигізбек.

Семей қаласы әкімдігінің қаулысымен құрылған жаңа мекеменің 49 проценті мемлекет, қалғаны кәсіпкерлер үлесінде болмақ. Жалпы жоба құны 4 миллиард 135 миллион теңге. Жарғылық капитал үшін облыс қазынасынан 620 миллион теңге бөлініпті. Қалған қаражат екінші деңгейлі банктердің бірінен лизинг арқылы 7 жылға беріледі.

Серікқали Жұманов, қалалық жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы:

- Қаңтар айынан бастап автобустар істелінеді. Одан график бойынша тамыз айына дейін 170 автобус, ең соңғы автобус тамыз айында шығады. Сосын заң бойынша бізде конкурс өткізіледі. Қала тұрғындары осы өзіміздің Семейдің жаңа автобустарын пайдаланады.

Семейдегі қоғамдық көліктердің көпшілігі жаңартылмағалы 20 жылдан асып кеткен. Ал бұл жоба былтыр елімізде қабылданған «Отандық автобустармен қамтамасыз ету жөніндегі» кешенді үкіметтік бағдарлама аясында іске асып отыр. Бұл Семейдегі автобус құрастыру зауытының жұмысына да серпін беріп, жаңадан 30 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.

Әсемхан Досқожанов, кәсіпорын жетекшісі:

- 80 проценттен көп автобустар әлі жаңартылмаған. Алматы мен Астана қалалары ғана жаңартылған. Болашақта қалған қалаларда әлі жаңартылмағандықтан, әлі көп жұмыс істеу керек. 6 метрден бастап, 12 метрге дейінгі автобустар шығарамыз. Сапасы 40 процент Қазақстанда жасалған. Кузовын темірден бәрін өзіміз жасаймыз. 100 процент ақшаның 40 проценті Қазақстанда қалады автобустың.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын тағы бір семейлік кәсіпорын отандық 60 автобус сатып алуға ниет білдіріпті. Басқа қалалардан да тапсырыстар түсіп жатыр. Ал жергілікті зауыт биыл жыл соңына дейін 500 автобусқа дейін құрыстыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы