418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Полицейлердің жалақысы көбейіп, басқарушылық деңгейдегі қызметтер қысқарады

  • 1800
  • UPD: 00:08, 09.01.2019

Қазақстандық тәртіп сақшылары енді фронт-кеңселер арқылы жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол арқылы кезекші бөлімдердің ауыртпалығы азайып, кеңесшілердің көмегімен тұрғындардың тұрмыстық жанжалы шешілуі тиіс. Бұл іс ішкі істер органдарында қолға алынған жаңа реформа аясында жүзеге аспақ. Сондай-ақ, полицейлердің жалақысы көбейіп, басқарушылық деңгейдегі қызметтер қысқарады. Министрлік құзыретінен мемлекеттік нысандарды күзету міндеті де алынып тасталады.

Жанат Сүлейменов, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

9 негізгі бағыт бойынша жол картасы әзірленді. Штаттық құрылымды басқарушылық қызметтерді азайту арқылы қысқартуды көздеп отырмыз. Ал еңбекақы үнемделген қаражат есебінен көбейтіледі. Мәселен, патрульдік полиция қызметкерлерінің жалақысы - 65, жедел-тергеу бөлімдері қызметкерлерінің жалақысы - 55, ал учаскелік полиция қызметкерлерінің жалақысы – 20% артады.

Ішкі істер министрлігінің өкілдері журналистермен өткен кездесуде қоғамды алаңдатқан сұрақтарға да жауап берді. Мәселен, олар жаңа жыл түні Қарағанды қаласындағы мейрамханада болған топтық төбелеске 14 адамның қатысқанын жария етті. Арадағы кикілжің келушілер мен нысан қызметкерлерінің арасында туындаған. Полицейлердің айтуынша, қылмыстық іске байланысты ресми мәліметтің енді ғана жариялануына тергеудің құпия жүргізілуі себеп. Тергеу барысында мейрамханадағы жанжалға ұлтаралық араздық емес, тұрмыстық кикілжің түрткі болғаны анықталды. Салдарынан бір адам көз жұмып, үшеуі жараланған. Қылмыстық іске күдікті ретінде 8 азамат қамауға алынды. Ал біреуіне халықаралық іздеу жарияланды. Ол қаңтардың бірі күні ел аумағынан шығып кеткен.

Алмас Сәдубаев, ҚР Ішкі істер министрінің баспасөз хатшысы:

Жалпы бұл жерде ұлтаралық қақтығыс жоқ. Бүгін ақпарат бергенбіз. 8 адам қамауда. Екі жақ та жазаға тартылатын болады. Тергеу амалдары кезінде анықталады. Бір жақты жазаланбайды. Қазір арнайы тергеу жүріп жатыр. Гурурян бойынша арнайы топтар жұмыс жасап жатыр. Егер хабарласып, өз еркімен келсе, жеңілдейді.

Бұдан бөлек, Қарағанды қаласында осыдан бірнеше күн бұрын ішкі істер академиясы курс басшысының орынбасары қызметтен босатылғаны жөнінде мәлімет таралған болатын. Оның әлеуметтік желіде жариялаған жаңажылдық құттықтауы «жағымсыз қылық» деп танылып, құқық қорғау органдарында жұмыс істеу мүмкіндігі шектелді. Оған қоса, курс басшысы мен академия басшысының міндетін атқарушы қызметтерінен босатылған.

Хабар 24 телеарнасы