389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Теміртаудағы металлургиялық комбинатта болған апатқа кінәлілер анықталды

  • 688
Теміртаудағы металлургиялық комбинатта болған апатқа кінәлілер анықталды

Теміртаудағы металлургиялық комбинаттағы апатқа кәсіпорын кінәлі деп танылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиғаның себебін анықтаумен айналысқан арнайы комиссия өкілдері осындай шешімге келді. Еске салсақ, өткен жылдың қазан айында өндіріс ошағының оттегі цехында технологиялық құбырларға түскен динамикалық ауыртпалық салдарынан оқыс оқиға болған еді. Сарапшылардың хабарлуынша, аталмыш оқиғаға дейінгі бес күн бұрын болаттың тәуліктік балқыту көрсеткіші төмендеген. Десе де, ауаны бөлуге қажет өнімді беру көрсеткіші өзгермеген. Жоғары қысым салдарынан құбырдың дәнекерленген бөлігі жарылған. Сол сәтте төрт адам жеңіл жарақат алды. Арнайы комиссия тексеріс жұмыстарының мерзімін екі рет ұзартқан. Бас-аяғы төрт сарапшылық топ жұмыс істеп, жеті томдық тергеу материалын ұсынған. Мамандар тобы өнеркәсіптік апаттың себебін анықтау және осы тектес жағдайға жол бермеу мақсатында 15 шара әзірлеген. Қазіргі уақытта комбинатта өндірістік үрдісті қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпорын өкілдері хабарлағандай, зауыт қаңтар айында жоспарлы көрсеткіштерге көшеді.

Кеңгірбай Есенеев, ҚР ИДМ комитеті департаменті басшысының орынбасары:

– Комиссия куәгерлер мен апатқа қатысты тұлғалармен сөйлесті. Сонымен қатар оқыс оқиға орын алған жерде болып, әкімшілік ұсынған сарапшылық ұйымдардың қорытындысы, актілер мен материалдарымен танысты. Нәтижесінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы кінәлі деп танылды. Аталған апатқа жол берген сегіз лауазымды тұлға анықталды. Олардың қатарында оттегі цехының бастығы мен атқарушы директор бар.

Хабар 24 телеарнасы