389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жылыту маусымы басталғаннан бері улы газдан 36 адам көз жұмған

  • 702
  • UPD: 21:32, 11.01.2019

Небәрі соңғы 2 тәулікте еліміз бойынша улы газға тұншығып 8 адам көз жұмды. Тағы 9 адам жарақаттанып, ауруханаға түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Статистика көңіл көншітпейді. Егер жылыту маусымы басталғаннан бері есептейтін болсақ, елімізде улы газдың кесірінен 36 адам қаза тапты. Тағы 93 азамат түрлі жарақат алған. Ал табиғи газ 17 тұрғынның өмірін жалмады. Бүгін Талдықорғанда кеше улы газдан иістенген әйел есін жинады. Қызылордада балаларды өрт ішінен алып шығуға талпынып, түтінге уланған екі тұрғынының жағдайы бірқалыпты. Өскеменде де осындай қайғылы оқиғалар тыйылмай тұр.

Улы газдың кесірінен Талдықорғанда бүтіндей бір отбасы қара жамылды. Осыдан екі күн бұрын газдан уланып отағасы мен оның кәмелетке толмаған 2 баласы қайтыс болды. Ал әйелі өте ауыр жағдайда қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Әйтеуір ол есін жинады. Кеше кешкілік жансақтау бөлімінен терапия бөліміне ауыстырылды. Айдың күннің аманында күйеуі мен 2 баласынан айырылып, ет-жүрегі езілген анамен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр.

Қанат Әбдірахманов, қалалық көпсалалы аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта науқас жансақтау бөлімінен терапия бөліміне ауыстырылды. Сол жерде емін жалғастыруда. Қал-жағдайы қазір орташа ауырлықта.

Ал Қызылордадағы қайғылы жағдай дүйім жұрттың қабырғасын қайыстырды. 9 қаңтар күні жеке тұрғын үйден шыққан өрт қаршадай ғана 3 баланың өмірін жалмады. Барлығы бір үйдің балалары. Үлкені небәрі 2-сынып оқушысы. Тілсіз жаудың әзірге неден тұтанғаны белгісіз. Бірақ сол күні үйде ересектерден ешкім болмаған. Жалынның шарпығанын көрген көршілер көмекке келген. Балаларды құтқарған. Алайда иістен қатты уланған бүлдіршіннің екеуі  бірден көз жұмды. Біреуі ауруханаға барар жолда қаза тапты. Ал, оларды өрттен арашаламақ болған 2 тұрғын дене жарақаттарымен ауруханаға түсті. Қазір бірі үйіне жіберілсе, екіншісі токсикология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Науқастың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ең сорақысы, жыл басталмай жатып облыста 15 өрт оқиғасы тіркелді. Былтыр тілсіз жау 14 адамның өмірін жалмаған болатын.

Бағлан Сұлтан, анестезиолог-реаниматолог, токсиколог:

- Бірінші науқас жеңіл түрде терапия алып, үйіне қайтарылды. Жағдайы жақсы болғаннан кейін. Екінші науқас өте ауыр жағдайда келіп түсті. Жансақтау бөліміне көтеріліп, дезинтоксикациялық емдер тағайындалып, дер кезінде көмек жасалды. Бір тәуліктен кейін реанимациядан токсикология бөліміне аударылды. Қазіргі таңда науқас жағдайы орташа ауырлықта.

Өскеменде жылу маусымы басталғаннан бері 34 адам улы газдан зардап шеккен. Оның бесеуі көз жұмды. Сорақысы, мұндай қайғылы оқиғалар жыл өткен сайын артып келеді.

Марина Лискова, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз хатшысы:

- Бүгінгі күні біз жергілікті атқарушы орган өкілдеріне осындай арнайы тетіктерді көбірек орнату керектігін айтып, ұсыным хат жолдадық. Өйткені аталған құралдар мүгедек жандар мен жалғызбасты адамдар үшін немесе көпбалалы отбасылар үшін үлкен қауіптің бетін қайтарады.

Мамандар апта сайын үй-үйді аралап, пешті қолдануға байланысты қауіпсіздік шараларын жүргізіп отыр. Бірақ одан нәтиже шықпай жатқан көрінеді. Соңғы екі жыл ішінде құтқарушылар  жеке сектордағы 12 үйге түтіннен және газ таралуынан хабар беретін арнайы тетік орналастырыпты. Алайда бұл өте аздық етеді. Өйткені шаһарда тұрмысы төмен отбасылардың саны ресми мәліметтерге сүйенсек, 170-ке жуықтайды. Олардың арасында тіпті ішімдікке ден қойғандары бар. Сондықтан құтқарушылар «мұндай датчиктерді көптеп қою керек» деген пікірде.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Қамбар Бекенов, Тілеуқабыл Мыңжасар, Эльмира Ахметова

Хабар 24 телеарнасы