389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда 17 көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр

  • 544
  • UPD: 21:36, 11.01.2019

Петропавл қаласында 17 көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың басым бөлігі өткен ғасырдың ортасында салынған. Ғимараттардың төбесінен су ағып, қабырғалары сөгіліп, әбден тозығы жеткен. Сондықтан жергілікті билік өкілдері биыл шаһарда бірнеше баспананы сүріп, орнына жаңасын тұрғызуды жоспарлап отыр.

Тұрғын үй батпақта орналасқандықтан, пәтерді шыбын-шіркей жаулаған. «Мазаны әбден алып болды», - дейді зейнеткер. Сондықтан қария зиянкестермен күресу үшін айына 10 мың теңгесін жұмсайды.

Бір қызығы, жазы былай тұрсын, бұл үйде қысты күні де шыбын-шіркейлер қаптап жүреді. Айналасы бір сағаттың ішінде бізді де талап тастады. Ал зейнеткерлер болса, арнайы қорғаныштармен қорғанады.

Иә, ешқандай өзгеріс жоқ. Бұл үйді «Хабар 24» арнасының тілшілері осыдан төрт жыл бұрын түсіріп, эфирден көрсеткен еді. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Тұрғындар болса, әлі күнге жандарын шүберекке түйіп келеді. Төсек тартып қалған 84 жастағы еңбек ардагері Зинаида Новокшонова бір күні үйіндінің астында қаламыз ба деп үйреленеді. Тіпті сұхбат барысында қорқыныштан көзіне жас та алды.

Зинаида Новокшонова, еңбек ардагері:

Басты арманым - өз аяғыма тұрып, жаңа пәтерге қол жеткізу. Мұнда қазір қабырғалар сыз тартып, тіпті демалудың өзі қиындап кетті. Оның үстіне кезегіміз де жылжымай қойды.

«Набережная» көшесіндегі тұрғын үй 1950 жылдары салынды. Қазіргі жағдайы сын көтермейді. Дегемен де бүгінде мұнда 9 отбасы тұрып жатыр. Әкімдіктегілер бұл мәселені кезең-кезеңмен шешпек.

Мадияр Жангудин, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының м.а.:

- Биыл облыс орталығындағы 1 Май көшесінде орналасқан төрт бірдей апатты үй сүрілетін болады. Ал оның орнына 93 пәтерлі, екі көпқатты тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз.

Айта кеткен жөн, бүгінгі күні Петропавл қаласында комиссияның шешімімен 17 көпқабатты тұрғын үй апатты деп танылды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы