388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баласы сабақтан қалған ата-анаға айыппұл салынады деген ақпарат жалған – ҚР БҒМ

  • 1209
  • UPD: 22:39, 11.01.2019

Сабаққа бармаған балалардың ата-аналарына 15000 теңге айыппұл салынады. Әлеуметтік желілерде тараған бұл ақпар шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білім және ғылым министрлігі осылай деп мәлімдеді. Соңғы кездері желіде осы тектес хабарламалар жиілеп кеткен. Осыған орай министрлік ата-аналарға қандай да бір ақпарат болмасын алдымен оның шынайы немесе жалған екеніне көз жеткізіп алу керектігін айтып, тек расталған деректерге құлақ асу қажеттігін ескертуде.

Әлеуметтік желілер адам өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Олардың қолжетімділігі бір жағынан тұрмысты жеңілдетсе, екінші жағынан халық арасына іріткі салып, жалған ақпарат таратушылардың негізгі құралына айналды. Желіде жалған хабарламаларды кім таратады және ол не үшін қажет? Бұл сұраққа мамандар былай жауап берді.  

Михаил Комиссаров, ҚР АКМ Ақпарат комитетінің төрағасының  орынбасары:

- Көбіне бұл бұзақылықтың нәтижесінде немесе таныстарға әзіл-қалжың ретінде жіберілетін хабарламалардан басталады. Содан кейін ол ақпарат көпшілік арасында тарап кетеді. Әрине, кейде шынымен де ақпараттық шабуылдар болады. Мысалға, белгілі бір қаржы институттарында туындаған қиыншылықтарға байланысты бірқатар банк мекемелерінде ақпараттық қысым болған жағдайлар да кездескен. Кейде бұл ақшаны шоттан алуға байланысты туындаған қиыншылықтар болуы мүмкін.

Бұзақылар мен банктерге қатысты жалған ақпар таратындардың жайы былай тұрсын, кейде хабарламалар арқылы халық арасында үрей туғызатын қауесет те жиі тарап жатады. Олардың жазасы мынадай болмақ.

Михаил Комиссаров, ҚР АКМ Ақпарат комитетінің төрағасының  орынбасары:

- Жалған ақпарат таратқандарға қатысты жаза Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша тағайындалады. Жауапты министрлік аталған факт бойынша тергеу ісін бастау үшін ішкі істер органдарына хабар береді.

Кез келген хабарламаны оқығанда ойланып, ондағы ақпаратты жіті тексеріп алу керек. Ең оңай жолы - Мемлекеттік органдардың ресми сайттарына кіріп, сол ақпаратты іздеу.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Асхат Ниязов, Ержан Канапияулы, Ермек Кеншебек

Хабар 24 телеарнасы