383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда 85 нысанның иесі меншігін мемлекет мұқтаждығы үшін бұзуға келісім берді

  • 604
  • UPD: 10:26, 14.01.2019

Түркістан қаласында мемлекет мұқтаждығы үшін бұзылатын аумақта орналасқан 85 нысанның иесі өз келісімін берді. Бүгінгі таңда 12 үй сүріліп, орыны тегістеліп жатыр.

Ал 40 нысанның иесі ұсынылған өтемақыға келісімін бермесе, қалған 35 үйдің иелерімен қазір келіссөз жүргізілуде. Қала әкімдігі баспанасын бұзуға келіскен тұрғындарға көмек ретінде шаһардағы сатылатын 300-ге жуық үйдің тізімін жасаған. Тұрғындар тиісті өтемақысын алғаннан кейін таңдаған баспанасын сатып алуына болады. Бүгінге дейін 5 отбасы тиесілі қаржысын алып үлгірген. Әкімдік өз тарапынан бұзылған үй иелерін көшірісуге арнайы техника бөліп, қол ұшын созып отыр. Киелі шаһардың байырғы тұрғыны Бибіныса Бахромова Түркістанның гүлденуі үшін 10 сотық жері мен екі қабатты баспанасын бұзуға алғашқылардың бірі болып келісімін берген. Өйткені киелі шаһардың көркейіп, ажарлана түскенін қалайды. Және соған өзі де атсалысқысы келеді.

Бибіныса Бахромова, қала тұрғыны:

- Гүлдене берсін Түркістан деп, ризашылығымызбен босатып бердік. Құрылыс жүреді деп бұзып жатыр. Бәріне ризамыз, өз басым қуанып жатырмын. Елбасымыз айтқандай қала болатын болса неге қуанбасқа, қуанамыз. Қолымыздан келгенше атсалысамыз бала-шағамызбен бәріміз, басқаларды да соған әрекет жасауға насихаттаймын.

Тәжібек Мұсаев, қала әкімінің орынбасары:

- Бұл жерді ертелі-кеш босатуымыз керек. «Сіздер дұрыс түсіністікпен қарап, босатыңыздар» деген жұмыстың нәтижесінде қыс ортасы болса да, қазір міне ана жақта 6 нысан, біз тұрған жерде 5 нысан, Байбырт көшесінде 1 нысан, барлығы 12 нысанды босаттық. Оларға үй тауып беруге, көшірісуге көмектестік. Осындай жұмыстар жалғасын таба беретін болады. Жалпы біз 1 наурызға дейін осы жердегі жоспарланған 167 нысанның барлығына тазалау жұмыстарын жүргізіп бітуіміз керек.

Хабар 24 телеарнасы